Конституцияда неке мен отбасы құндылықтары күшейтілмек
АСТАНА. KAZINFORM – Ата Заңда қоршаған ортаны қорғау міндеті жаңа бір сипатқа ие болмақ. Бұл туралы бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлім етті.
– Конституцияда неке мен отбасы құндылықтары, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау міндеті жаңа бір сипатқа ие болмақ. Жалпыға бірдей танылған халықаралық актілер мен дамыған елдердің конституцияларын ескере отырып, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеу мақсаттары мен шектері нақты белгіленді. Мұндай шараларды енгізуде қажеттілік, мөлшерлестік, мемлекет, қоғам және адам мүдделерінің ақылға қонымды теңгерімін қамтамасыз ету маңыздылығы жаңа Конституциялық мәтіннен анық көрінеді, - деді Бақыт Нұрмұханов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның (Конституциялық комиссия) төртінші отырысы өтті.
Kazinform агенттігінің сайтында әдеттегідей отырыстан тікелей эфир ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Конституциялық комиссия Мемлекеттік рәміздер туралы конституциялық ережелерді жетілдірді.