Президент «Қазақ тілі» қоғамының бүгінгі құрылтайы шын мәнінде тарихи сәтте, яғни, қасиетті Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығының қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті.
Қазақстан Егемендік жолының осындай айтулы межесіне беделі биік, болашағы жарқын ел ретінде қадам басып отыр.
— Тәуелсіздік туын көтергелі бері халқымыз көптеген белесті абыроймен еңсерді. Біртұтас ұлт болып, мемлекеттігіміздің іргетасын қалады және оны нығайта түсті. Берекелі бірлігіміздің арқасында біз соңғы жеті жыл ішінде ауқымды реформаларды табысты іске асырдық. Ел өмірінің барлық саласында түбегейлі өзгерістер жасап, тың бастамалар көтердік, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ең бастысы, халқымыздың темірқазығына айналған қастерлі құжат — Конституциямызды қабылдадық. Мазмұны айрықша Конституция Әділетті Қазақстанды құру ісіне заң тұрғысынан жол ашты.
— Енді Конституцияға сәйкес еліміздің Тәуелсіздігін, Егемендігін, кең байтақ жеріміздің тұтастығын, азаматтарымыздың заңды құқықтарын және бостандықтарын қорғау мемлекетіміздің басты, тіпті, қастерлі міндеті саналатын болды деп айтсақ, қате болмас. Баршамызға Тәуелсіздік — бәрінен қымбат асыл дүние. Тәуелсіздік болмаса, біздің халқымыздың келешегі тығырыққа тірелетіні анық. Сондықтан Тәуелсіздікті қорғау әрі нығайту — ең қасиетті борыш, ең қастерлі парыз, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция мәтінін жазуға өзі де тікелей атсалысқанын ерекше атап өтті.
— Әр сөзіне мұқият қарап, әр бабына ерекше назар аудардым. Мен үшін бұл — ең алдымен азаматтық парыз. Мәселен, Конституцияда біз халқымыз үшін киелі «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазатын болдық. Мұның терең мәні бар. Біз осылайша әрбір ұғым-түсінікке үлкен жауапкершілікпен қарап, тұтас қоғам санасына, әсіресе, өскелең ұрпақтың бойына елдік қасиеттерді сіңіреміз, — деді ол.
Жалпы, Конституция халқымыздың дүниетанымына және озық заңнама талаптарына сай жазылғаны айтылды.
— Қазақстанның Конституциясы кәсіби тұрғыдан өте сапалы дайындалған құжат деп күмәнсіз айтуға болады. Осы ауқымды жұмысқа білікті заңгерлермен қатар, филология саласының тәжірибелі ғалымдары мен қазақ тілі мамандары да белсене қатысты. Мұның бәрі қазіргі қазақ тілінің әлеуеті мен күш-қуатының айқын көрінісі екені сөзсіз, — деді Президент.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйлеп жатыр.
Президент қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін табанды жұмыс істеу керектігін айтуда.