Ұстаздардың биылғы жиыны «Адам капиталы, білім, прогресс — Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбына арналып отыр.
— Бүгінгі жиынға Қазақстанның барлық аймағынан ұлағатты ұстаздар арнайы келіп отыр. Мықты мұғалім — сапалы ұлттың тірегі, бұл — нағыз ақиқат. Бүгін өте ұтымды, мазмұнды баяндамаларды тыңдадық, тиімді пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Сөз сөйлеген ұстаздарға, бүкіл мұғалімдер қауымына ризашылығымды, ілтипатымды білдіремін. Тиісті министрлік, жалпы Үкімет айтылған мәселелерді үнемі назарда ұстауы керек. Бұл жұмысты аса маңызды стратегиялық міндет деп түсіну қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ұстазды ұлықтаған елдің келешегі жарқын екенін атап өтті. Ұлы Абай 38-ші қара сөзінде адамның адамдығы жақсы ұстаздан болатынын айтқан.
— Сіздер жас буынға терең білім беріп, саналы, озық ойлы және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Осылайша, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға атсалысып келесіздер, — деді Мемлекет басшысы.
Биылғы Тамыз конференциясы еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңіне тұспа-тұс келді.
— Бәріміз бір ел болып, түбегейлі реформаларды ойдағыдай жүзеге асырдық. Наурыз айында өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде жаңа Халық Конституциясы қабылданды. Тұтас қоғам қолдаған Ата заң бірінші шілде күні күшіне енді. Бұл — еліміз үшін маңызы ерекше тарихи оқиға. Бас құжатта тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілді, яғни адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды, — деді Президент.
Айта кетейік, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен педагогтердің Тамыз конференциясының пленарлық отырысы өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам білім саласының қызметкерлері мен еңбек ардагерлері қатысты.
Қазақстанда 2019 жылдан бері 511 жаңа ауыл мектебі салынған.
Елімізде ауыл мен қала оқушылары арасындағы білім алшақтығы 5 балға қысқарған.
Сондай-ақ Жаңа Конституция білім беру саласына жаңа міндеттер жүктеп отыр.