Конституциялық комиссия отырысында қандай ұсыныстар айтылды – Максим Рожинмен сұхбат

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасы конституциялық реформаларды талқылауды жалғастырады. Студияның кезекті қонағы, Мәжіліс депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі Максим Рожин отырыстарда қандай өзекті сұрақтар мен ұсыныстар талқыланып жатқанын айтып берді. 

Депутаттың айтуынша, бүгінгі күнге дейін ел азаматтарынан Конституциялық реформалар бойынша 4 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен.

– Келіп жатқан ұсыныстардың көпшілігі әлеуметтік жағдайға қатысты – білім алу, медицина, елдегі жалпы әлеуметтік әділет жөнінде азаматтар көп жүгінген. Жергілікті инфрақұрылым, жергілікті өзін-өзі басқару немесе мемлекеттік басқару тетіктеріне де қатысты көп ұсыныс бар. Алдағы уақытта біз әр азаматтың өтініштерін салыстырмалы кестеге шығарып, әр өтініш бойынша жұмыс істейтін боламыз. Яғни төрт мыңнан астам ұсыныс түссе, оның кейбірі назардан тыс қалады деген ой болмауы керек. Өйткені әр ұсыныспен жұмыс топтары жеке-дара айналысатын болады, - деді Максим Рожин.

Депутаттың өзі де Конституциялық комиссия отырыстарында жұмысшы мамандардың құқықтарына қатысты бастамалар көтерген. Өйткені бір санаттағы азаматтарға жергілікті атқарушы билік бірдей жағдай жасай алмай отыр.

– Азаматтардың барлық ұсынысы қамтылмайынша, комиссия өз жұмысын аяқтамайды. Өйткені Президенттің тікелей тапсырмасы бар. Екіншіден, комиссияның жұмысы тікелей эфирдегі үш сағаттық отырыспен бітіп қалмайды. Қазірдің өзінде комиссия жабық жұмыс топтары арасында сараптамалық жұмыстар жүргізіп жатыр, - деді М. Рожин.

Фото: видеодан алынған скрин

Сонымен бірге, Конституциялық комиссия мүшесі Халық Кеңесінің мәртебесін күшейтуді, Кеңеске заң, ішкі саясат, референдум өткізу бойынша ұсыныс жасау мүмкіндігін беруді ұсынғанын еске салды.

– Біз жылдар бойы елімізде деливеративті демократия әдісімен, яғни көпшіліктің талқылауы нәтижесінде шыққан шешімдерге негіздеп, үлкен өзгерістер жасау үшін жұмыс істеп келдік. Оның жақсы мысалы Ұлттық кеңес болды. Ұлттық кеңес арқылы азаматтардың ұсынысымен елдегі біраз қордаланып қалған мәселелер шешілген болатын. Біраз мәселе заңға ұласты. Одан кейін Ұлттық кеңес Құрылтай атты консультативті кеңесші органға ұласты. Құрылтай алаңында да тұрғындардың бастамасымен 26-ға жуық заң қабылданды. Оның 10-ы қазір Парламентте қаралып жатыр. Осы екі консультативті кеңесші институттың тәжірибесін алып, оған әлемдік тәжірибені қосып, Халық кеңесін құру көзделіп отыр, - деді Максим Рожин.

Айта кетейік, Конституциялық комиссияның келесі отырысы 9 ақпанда өтеді.