Конституциялық комиссия: Жоғарғы Сот төрағасының мәртебесіне қатысты өзгеріс болуы мүмкін

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM -  Жоғарғы Соттың төрағасы өкілеттік мерзім ішінде бір мезгілде Жоғарғы Соттың судьясы да болатыны нақтыланады. Бұл туралы бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның екінші отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлім етті.

- Құқықтықтық айқындықты қамтамасыз ету мақсатында Конституцияның 82-бабына Жоғарғы Соттың төрағасы өкілеттік мерзімі ішінде бір мезгілде Жоғарғы Соттың судьясы да болатыны туралы нақтылау енгізіледі. 82-баптың тиісінше тармақтарын жергілікті және басқа соттардың төрағаларын, сондай-ақ сот алқарының төрағаларын тағайындауға қатысты нормаларды алып тастау ұсынылады. Бұл мәселелерді реттеуді Конституциялық заң деңгейіне беру орынды деп санаймыз, - деді Е.Сәрсембаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада Конституциялық комиссияның екінші отырысы басталды. Іс-шара конституциялық реформаға байланысты түскен ұсыныстарды талқылауға арналды. 

ҚР Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Әзімова комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс түскенін, олардың барлығы біртұтас жинақталған кестеге топтастырылғанын атап өтті.