Конституциялық комиссия жұмысы әлі аяқталған жоқ — жобаға өзгерістер ене ме

Фото: Сенат

АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Сенатының депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі Нұрлан Бекназаров Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында бір палаталы Парламент құрылымы үлкен заңнамалық реттеуді талап ететінін айтты.

Оның айтуынша, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия әлі жұмысын жалғастыруда және тағы да отырыстар жоспарланған. Онда әрбір талап пен әрбір ұсыныс талқыланады.

— Комиссияның басты жұмысы — келіп түскен әрбір ұсынысты байыппен зерделеп, толыққанды қарап, ашық түрде талқылау болды. Осы күнге дейін өткен отырыстарды халық ашық көріп отырды. Бұл бұрын-соңды болмаған ақпараттандыру болды және өз жемісін берді — өңірлерде азаматтар қызығушылық танытып, белсенді бола бастады. Әзірге бізге 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті және әлі де келіп жатыр. Комиссия өз жұмысын әлі аяқтаған жоқ. Меніңше соңғы нүктесі қойылғанша ұсыныстар қаралып, көпшілік талқысына салынады. Себебі ешнәрсе назардан тыс қалмауы керек. Бізге жеке хабарласқан тұрғындар да бар. Олардың да ұсыныстарын түртіп алып, комиссия ішіндегі топтарда талқылап жатырмыз, — деді Сенат депутаты.

Сонымен бірге, Н. Бекназаров Ата Заңға өзгерістер енгізу барысында нақты қандай елдердің тәжірибесі қарастырылғанын айтып берді.

— Бір палаталы Парламент құрылымы үлкен заңнамалық реттеуді талап етеді. Дегенмен комиссия мүшелері арасында Парламент депутаттары, заңгерлер және басқа да білікті мамандар бар. Олардың бастамасымен келген ұсыныстардың негізгі сұлбасы өз ішімізде қалыптасты. Әрине, Еуропа елдерінің парламентаризмі біздегіден бұрын пайда болып, дамыды. Сол себепті Швеция, Нидерланд, Швейцария, Италия және түркітілдес елдердің Парламент құру процесі, сайлау процесі қаралды, — дейді Н. Бекназаров.

Жаңа Құрылтай бір палаталы парламент ретінде тек қана партиялық тізіммен пропорционалды негізде сайланады. Сол жүйенің озық тәжірибесі бар елдердің қызметтері мен заң баптары да қаралған.

Бұған дейін Ұлытау облысы Адвокаттар алқасының адвокаты, Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының мүшесі Гауһар Айтжанова Жаңа Конституцияда адам құқығын қорғауға қатысты қандай өзгеріс барын айтқан еді.