Конституциялық өзгерістер азаматтық қоғамның рөлін күшейтеді – Мақсат Толықбай
АСТАНА. KAZINFORM – Конституциялық реформалар аясында ұсынылып отырған өзгерістердің басты мақсаты – күшті тұлғаларға емес, мықты институттарға сүйенетін мемлекет қалыптастыру. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның бесінші отырысында Мәжіліс депутаты, журналист Мақсат Толықбай мәлімдеді.
– Жалпы азаматтық қоғам мықты болмай, мемлекет те мықты болмайды. Қоғамдағы мәселе митингілерде емес, ең алдымен осындай мінберлерде ашық айтылуы керек, - деді Мақсат Толықбай.
Депутаттың айтуынша, Конституцияда алғаш рет Қазақстан Халық кеңесі туралы жеке баптың енгізілуі азаматтардың пікірін мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне жүйелі түрде енгізілмек. Ұсынылған редакцияға сәйкес, Халық кеңесі заң жобаларын енгізе алады әрі республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтеру құқығына ие болады.
Сонымен қатар бірпалаталы парламентке көшу мәселесі жан-жақты талданып, Құрылтайдың өкілеттігі мен мәртебесі нақтыланған. Атап айтқанда, Құрылтайдың өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған құрам жұмысын бастағанға дейін жалғасады.
Мақсат Толықбай Құрылтайдың пропорционалды жүйе бойынша, біртұтас ұлттық сайлау округі негізінде сайланатынын да атап өтті. Оның пікірінше, бұл тәсіл партиялар арасындағы кәсіби бәсекелестікті арттырып, заң шығару процесінің сапасын күшейтеді.
Депутаттың айтуынша, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің түпкі мақсаты – билікті шоғырландыру емес, азаматтық қоғамның рөлін күшейтетін тиімді саяси институттар қалыптастыру.
Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстан сарапшылары Қазақстандағы конституциялық реформалар Орталық Азия үшін де маңызды екенін айтқан еді.