Осы орайда биыл 1 шілдеден бастап Қазақстан жаңа Конституциялық дәуірге қадам басты. Негізгі заң мемлекеттік құрылысты заман талабына сай өзгерткен құқықтық іргетасқа айналды.
Жеті жылда не өзгерді?
- Кейінгі жеті жыл ішінде Қазақстан саяси және құқықтық жаңғырудың маңызды кезеңінен өтті. Бұл жүйелі реформалар мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға, өкілді институттарды дамытуға және азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін нығайтуға бағытталды. Осы шаралардың заңды жалғасы ретінде 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы болды.
Бұл кезеңдегі реформаларды жекелеген шешімдер жиынтығы ретінде емес, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жүйелі түрде жаңаруы ретінде қарастыру қажет. 2022 жылғы конституциялық реформа маңызды кезең болды. Ол мемлекеттік институттар арасындағы өкілеттіктер тепе-теңдігін өзгертіп, Конституциялық Сотты қайта қалпына келтірді. Азаматтар өз құқықтарын қорғаудың қосымша тетігіне, яғни нормативтік құқықтық актілердің конституциялылық сәйкестігіне қатысты мәселені көтеру мүмкіндігіне ие болды, - деді ҚР Әділет вице-министрі Айдар Жарылғанов.
Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 шілдеде жаңа Конституцияның күшіне енуімен сапалық тұрғыдан өзгеше жаңа кезең басталды. Оның маңызы билік органдарын қайта құрылымдаумен ғана шектелмейді. Ата заң мемлекеттің дамуына жаңа бағдарлар белгілеп, жеке адамға баса назар аударды — адам қадір-қасиетін, құқығы мен бостандығын ең жоғары құндылықтар ретінде бекітті.
Жаңартылған конституциялық модельдің өзегінде Әділетті Қазақстан идеясы жатыр, ол «Заң мен тәртіп» қағидатымен тығыз байланысты. Бұл қағидатты тек қылмыспен күресу немесе қоғамдық тәртіпті сақтаумен ғана шектеуге болмайды. Оның мәні әлдеқайда ауқымды: ол заң үстемдігін, заң алдындағы теңдікті және шешімдерді өз бетінше, негізсіз қабылдауға тыйым салуды қамтиды.
- Заң қоғамдық қатынастарды реттеу құралы ғана емес, сонымен қатар әділдікті қамтамасыз етудің, адам құқықтарын қорғаудың және мемлекеттің жеке адамның өміріне негізсіз араласуын шектеудің тиімді тетігі ретінде қызмет етуі тиіс. Бұл жерде заңға жаңа функциялар жүктеу туралы емес, мемлекеттік құқықтық саясат аясында оның маңыздылығын арттыру туралы сөз болып отыр.
«Заң мен тәртіп» ұғымы өзара жауапкершілікті білдіреді: азаматтар заңды сақтауға міндетті, ал мемлекет өз өкілеттігі аясында әрекет етіп, әрбір адамның құқығын қорғауға кепілдік беруі қажет. Бұл тәсіл нақты конституциялық кепілдіктерде көрініс тапқан. Мәселен, Негізгі заң цифрлық технологиялардың дамуы жағдайында жеке деректерді қорғауды күшейте түсті. Конституциялық деңгейде жеке бас бостандығы мен процессуалдық құқықты қорғаудың қосымша тетіктері бекітілді, - деп түсіндірді вице-министр.
Мұндай ережелердің мақсаты - жеке адамдарға айқын және тиімді қорғау құралдарын ұсыну.
Мемлекеттік биліктің заман талабына сай архитектурасы
Жаңа Конституция адам құқықтарына берілетін кепілдіктерді нығайтумен қатар, мемлекеттік билік архитектурасын да жаңартты. Президенттік басқару нысанын сақтай отырып, ол жоғары мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін және олардың өзара іс-қимыл тетіктерін нақтылады. Екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай өз жұмысына кірісті. Бұл заң шығару қызметін анағұрлым үйлесімді ұйымдастыруды және парламенттік бақылаудың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
- Дегенмен, заң шығару процесінің жеделдігін арттыру – өз алдына түпкі мақсат емес. Заңдар дер кезінде әзірленіп, сапалы болуы тиіс, сондай-ақ бұл құжаттардың орындалуы қамтамасыз етілуі қажет. Сондықтан заңнамалық бастамаларды кәсіби тұрғыдан әзірлеу, құқықтық сараптама жүргізу және қоғамдық мүддеге қатысты шешімдерді ашық талқылау ерекше маңызға ие болады, - дейді Айдар Жарылғанов.
Басқа институционалдық жаңалықтардың қатарына мемлекеттік биліктің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған Вице-президент лауазымын енгізу, сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесін құру жатады. Халық Кеңесі қоғамдық ұсыныстарды заң шығарушы органның қарауына енгізудің қосымша тетігін қамтамасыз етіп отыр.
Маңызды заңдар
Осы жылы бұл конституциялық ережелердің іске асуын қамтамасыз ету үшін ауқымды заң шығару жұмыстары қажет болды. Жаңа Конституцияны жүзеге асырудың бірінші кезеңі аясында мемлекеттік басқарудың жаңартылған жүйесі үшін құқықтық негіз қалайтын бес дербес конституциялық заң қабылданды.
«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заң Президент пен Вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктерін реттейді. «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заң бір палаталы заң шығарушы органның ұйымдастырылуы мен өкілеттігін, сондай-ақ оның депутаттарының құқықтық мәртебесін және қызметін реттейтін негізгі қағидаларды айқындады.
«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң жаңа консультативтік органның мәртебесі мен жұмыс тәртібін нақтылады. Бұл органның міндеті – қоғамдық диалогты дамыту және мемлекеттік күн тәртібін қалыптастыруға азаматтардың қатысуына ықпал ету.
Тағы екі конституциялық заң — «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» құжаттар елорда мәртебесі мен мемлекеттің аумақтық ұйымдастырылуының құқықтық негіздерін айқындады.
Сонымен қатар, қолданыстағы тоғыз конституциялық заң, 15 кодекс және 51 заң жаңа Конституцияға сәйкестендірілді. Осылайша, қысқа мерзім ішінде жаңа конституциялық жағдайларда мемлекеттік институттардың жұмыс істеуі үшін қажетті құқықтық негіз қалыптастырылды.
- Атап айтқанда, Конституция мен оны қамтамасыз ететін заңдардың қабылдануы реформаның аяқталғанын білдірмейді. Егер бірінші кезең негізінен институционалдық өзгерістерге бағытталған болса, екінші кезең азаматтардың құқығы мен мүддесіне тікелей қатысты заңнаманы қайта қарауды көздейді.
Қазіргі уақытта Әділет министрлігінің үйлестіруімен мемлекеттік органдар қолданыстағы заңнаманы жаңа конституциялық ережелерге сәйкестендіру мақсатында талдау жүргізіп жатыр. Бұл процесс терминдерді жай ғана формальды түрде алмастырумен шектелмейді, - деді вице-министр.
Мәселен, дербес деректерді қорғауға қатысты конституциялық кепілдік осы деректерді заңсыз пайдаланудың алдын алатын тиімді тетіктермен нығайтылуы тиіс. Ал жеке бас бостандығына берілетін кепілдіктер тек қағаз жүзінде ғана емес, сондай-ақ іс жүргізу әрекеттерін жүзеге асыру барысында да нақты іске асуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерін әзірлеу жұмыстары ерекше назарға алынған. Бұл ретте қылмыспен күресу мен адам құқығын қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету өте маңызды.
- Сонымен қатар, Әділет министрлігі Қазақстанның құқықтық жүйесін дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындауға арналған жаңа форматтағы Құқықтық саясат доктринасын әзірлеп жатыр. Оның мақсаты — жаңа Конституция құндылықтарына негізделе отырып, заңнаманы жетілдіруге қатысты бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру.
Түптеп келгенде, конституциялық реформалардың тиімділігі қабылданған заңдардың санымен емес, азаматтардың өз құқығын жүзеге асыру және қорғау мүмкіндігімен, мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдердің негізділігімен, сондай-ақ қоғамның құқықтық институттарға деген сенім деңгейімен айқындалады. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидатының тәжірибелік мәні мен жаңа Конституцияның басты маңызы осында жатыр. Атап айтқанда адам құқығы, заң үстемдігі және мемлекеттің жауапкершілігі өзара тығыз байланысқан Әділетті Қазақстан негізін нығайтуға ерекше екпін қойылып отыр, - деді вице-министр.