Конституциялық реформа инвесторлардың Қазақстанға деген сенімін арттырады – АҚШ сарапшысы

АСТАНА. KAZINFORM – 1 шілдеде күшіне енген конституциялық реформалар, ең әуелі, мемлекеттің институционалдық құрылымын жетілдіруге және басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл жөнінде The Atlantic Council’s Eurasia Center-дің штаттан тыс ғылыми қызметкері, Еуразия бойынша сарапшы Марк Темницкий Вашингтондағы тілшімізге берген сұхбатында мәлімдеді.

Фото: Марк Темницкийдің жеке мұрағатынан

Оның сөзінше, бұл өзгерістер Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды саяси трансформациясының қатарында.

— Вице-президент сайланбайды, оны президент тағайындайды. Одан бөлек, президенттің парламентті тарату құқығы сақталады. Мұндай өзгерістер атқарушы биліктің құзіретін кеңейткеннен гөрі мемлекеттің саяси құрылымын оңтайландырады, — деді Марк Темницкий.

Сарапшының пікірінше, конституциялық реформаларды, ең алдымен, институционалдық жаңғыру деп қарастырған дұрыс. Олар мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен тұрақтылығын арттырады.

Сонымен бірге өзгерістердің сәтті болуы жаңа институттарға емес, олардың іс жүзінде қалай жүзеге асуына байланысты.

Марк Темницкий реттелген заңнама жүйесінің және вице-президент институты арқылы бекітілген мирасқорлық механизмінің артықшылықтарын атап өтті. Олар мемлекеттік басқаруда алдын ала болжау мүмкіндігін береді. Бұл Қазақстан үшін өте маңызды. Өйткені ел тұрақты сауда, энергетика және Орта дәліздегі аса маңызды пайдалы қазбаларды өндіру орталығы ретінде позициясын нығайтып келеді.

— Ондай болжау мүмкіндігіне аймақтың тұрақтылығына мүдделі шетелдік инвесторлар мен халықаралық серіктестер оң қабақ танытады, — деді маман.

Оның айтуынша, Қазақстанның болжау мүмкіндігі бар институционалдық құрылымы АҚШ-та да оң бағалануы мүмкін. Себебі аталған мемлекетте Орталық Азияның тұрақтылығына жете мән беріледі. Сирек пайдалы қазбаларды өндіру, энергетикалық бағыттарды әртараптандыру және Еуропа мен Азияны байланыстыратын Орта дәліздің дамуында аталған аймақтың маңызы зор.

Сарапшының көзқарасынша, реформалар Қазақстанның теңгерімді сыртқы саясатын нығайтады. АҚШ, Еуропалық Одақ, Ресей және Қытаймен бір мезгілде сындарлы қарым-қатынас ұстануға мүмкіндік береді.

— Түсінікті әрі реттелген институционалдық жүйе Қазақстанды америкалық бизнес пен инвесторлар үшін ұзақ мерзімді жобалар тұрғысынан тартымды, сенімді серіктес қылады, — деді Марк Темницкий.

Айта кетейік, бұған дейін конституциялық реформа Қазақстанның саяси жаңаруына жол ашатыны жөніндегі британдық сарапшылар пікірін жариялағанбыз.