Конституциялық реформа парламенттік өзгерістермен шектелмейді — депутат

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы конституциялық реформалар бастапқыда парламенттік жүйені жетілдіру аясында қарастырылғанымен, қоғамнан түскен ұсыныстардың ауқымына байланысты кеңейтілді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия мүшесі Айдос Сарым Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында айтты. 

Депутаттың айтуынша, реформаның алғашқы кезеңінде жұмыс тобы негізінен Парламентке қатысты нормалармен айналысқан. Алайда мемлекеттік органдарға және Президентке келіп түскен ұсыныстардың мазмұны бұл тәсілдің жеткіліксіз екенін көрсетті.

Қоғам тарапынан көтерілген бастамалардың едәуір бөлігі Конституцияның бірінші және екінші тарауларына бағытталған. Соның бірі — адвокаттардың конституциялық мәртебесін айқындау жөніндегі ұсыныс. Депутат бұл мәселенің ұзақ жыл бойы көтеріліп келе жатқанын атап өтті.

— Адвокаттар сот процесінің толыққанды қатысушысы ретінде өздерінің мәртебесін Конституция деңгейінде бекітуді ұсынып келеді. Алайда бұл бастама парламенттік реформа форматына сыймаған. Мұндай бастамалар конституциялық деңгейде қарастыруды талап етеді, — деді ол.

Айдос Сарым 1995 жылғы Конституция қабылданған кезең мен қазіргі қоғамдық-саяси жағдайдың айырмашылығына да назар аударды. Оның айтуынша, сол кезде мемлекет енді қалыптасу кезеңінде болса, бүгінде институционалдық және құқықтық талаптар айтарлықтай өзгерген.

Депутаттың пікірінше, осы факторлардың барлығы Конституциялық жиналыс шақырып, арнайы комиссия құру қажеттігін туындатты. Қазіргі таңда бұл жұмысқа Парламент палаталары, сот органдары, мемлекеттік мекемелер, ғылыми және сараптамалық ұйымдар тартылған.

— Бұл тек шектеулі топтың жұмысы емес. Процесте мыңдаған адамның мүддесі жатыр. Сондықтан Конституцияға елеулі өзгерістер енгізілуі мүмкін, — деп түсіндірді Айдос Сарым.

Айта кетейік, бұған дейін Айдос Сарым осы аптада Президентке Конституцияның қорытынды мәтіні ұсынылуы мүмкін екенін айтқан