Қазақстанға сапары аясында Surya Deva Астана мен Түркістан қалаларында болып, Қазақстандағы даму құқығын қамтамасыз ету, орнықты даму қағидаттарын іске асыру және адам құқықтарын қорғау тетіктерінің жай-күйімен танысты. Салыстырмалы конституциялық құқық саласының маманы, Macquarie University профессоры әрі адам құқықтары мен орнықты даму мәселелері бойынша сарапшы ретінде Surya Deva Қазақстандағы конституциялық реформаларға және жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің күтілетін нәтижелеріне ерекше қызығушылық танытты.
Эльвира Азимова Конституциялық Соттың мандаты мен оның еліміздің құқық қорғау әлеуетін нығайтудағы рөлі туралы жан-жақты баяндады. Конституциялық Сот еліміздің жаңа Ата заңының негізгі бағыттарын айқындаған конституциялық реформа кезеңіндегі басты институционалдық алаңдардың біріне айналғаны атап өтілді.
— Конституциялық Сот Төрағасы арнайы баяндамашыны 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда осы жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның күшіне енетіні туралы хабардар етті. Жаңа Ата заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге, құқық үстемдігі қағидаттарын нығайтуға және мемлекеттің әлеуметтік бағдарын күшейтуге бағытталған. Кездесу барысында құқық үстемдігі, сот төрелігінің қолжетімділігі және сот жүйесіндегі әйелдердің рөлі мәселелеріне ерекше назар аударылды, — делінген хабарламада.
Surya Deva бүгінде құрамында үш әйел судья қызмет ететін Қазақстанның Конституциялық Сотындағы әйелдердің өкілдігіне оң баға берді. Эльвира Азимова конституциялық бақылау органының қызметін қамтамасыз ететін Конституциялық Сот Аппараты қызметкерлерінің едәуір бөлігін де әйелдер құрайтынын атап өтті.
Оның айтуынша, сот төрелігі жүйесінде гендерлік ерекшелікке қарамастан кәсібилік, объективтілік және әділдік шешуші мәнге ие. Кезедсу барысында инклюзивті әрі орнықты өсудің негізгі шарттарының бірі ретінде даму құқығын қамтамасыз етудің халықаралық тәсілдері талқыланды. Surya Deva Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық өзгерістерге жоғары баға беріп, олардың құқық қорғау тетіктерін нығайту және даму құқығын ілгерілету тұрғысындағы маңызын атап өтті.
БҰҰ өкілі Конституциялық Сотқа деген қоғамдық сенімнің жоғары деңгейін және азаматтардың конституциялық бақылауды одан әрі тиімді жүзеге асыруға қатысты оң үмітін ерекше атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова жаңа Конституцияның жобасы әрі қарай да қоғамның көз алдында, ашық талқылана беретінін айтты.