Конституциялық Сот жер дауларына қатысты Жоғарғы Сот қаулысын тексереді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Жоғарғы Соттың жер заңнамасын қолдануға қатысты нормативтік қаулысының бір ережесінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті іс жүргізуге қабылдады.

Фото: gov.kz

Даулы ережеге сәйкес, жер учаскелерінің шекаралары қабаттасқан жағдайда туындаған дауларды шешу кезінде тарихи қалыптасқан шекаралар негізге алынуы керек.

Өтініш берушінің пікірінше, бұл талап жеке меншік құқығына берілген конституциялық кепілдіктерге сәйкес келмейді.

— Сондай-ақ өтініш беруші Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары қолданыстағы құқықтың құрамдас бөлігі саналатынын және соттар үшін міндетті екенін атап өткен. Сондықтан мұндай қаулылар Конституцияға қайшы келмеуге, сондай-ақ онда кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтарды шектемеуге тиіс деп есептейді, — делінген хабарламада.

Конституциялық Сот даулы ереженің мазмұны мен мақсатын, сондай-ақ оның құқық қолдану тәжірибесіндегі маңызын ескере отырып, оның Конституцияға сәйкестігіне баға береді.

Істің қаралу барысы мен қорытындысы туралы ақпарат Конституциялық Соттың ресми интернет-ресурсында жарияланады.

Еске салайық, бұған дейін Конституциялық Сот кредитордың санатына қарай сот арқылы банкроттық рәсіміне қол жеткізудің әртүрлі болуына қатысты мәселе көтерілген өтінішті қарағанын жазғанбыз.