Конституциялық Сотқа Мажарстан Президенті келді

Фото: Конституциялық Сот

АСТАНА.KAZINFORM – Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен кездесті. Бұл туралы құзырлы органның баспасөз қызметі мәлім етті.

Эльвира Азимова жоғары мәртебелі қонақты Қазақстандағы конституциялық өзгерістер үдерістерімен және Конституцияның үстемдігін сақтауды қамтамасыз ету тетіктерімен таныстырды.

Бұған дейін Мажарстанның Конституциялық Сотын басқарған Тамаш Шуйок азаматтардың өтініштерін қарау тәжірибесін, сондай-ақ құқық үстемдігі мәселелерінде ұлттық мүдделерді қорғаудағы мажарстандық конституциялық бақылау органының тәжірибесін атап өтті.

Мажарстан Президенті тәуелсіз әрі мықты Конституциялық Сот демократиялық дамудың және негізгі құқықтардың басты кепілі екенін атап өтіп, оның жұмысы бейбіт әлеуметтік ынтымақтастық рухында әрі құқықтық дәстүрлерді сақтау бағытында жалғасуын тіледі.

Еске сала кетейік, Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок елімізге ресми сапармен келді. Ол Ақордада өткен БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Қазақстан мен Мажарстан халықаралық деңгейде бірлесе жұмыс істеуге келіскенін мәлімдеген еді.

Бүгін Олжас Бектенов пен Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок экономикалық ынтымақтастық пен келісімдерді жоғары деңгейде жүзеге асыру мәселелерін талқылады.