Конституциялық Соттың құзырына қатысты нормалар сақталады – Бақыт Нұрмұханов
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа Конституцияның жобасында Конституциялық Сот қабылдаған шешімдердің құқықтық салдары нақты жазылды. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлім етті.
– «Конституциялық Сотқа» қатысты нормалар жетінші бөлімде шоғырландырылды. Конституциялық Соттың құрамына, судьялардың өкілеттік мерзімдеріне және құзырына қатысты нормалар негізінен сақталды. Конституциялық Соттың – конституциялық бақылау жүргізетін және бүкіл ел аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган ретіндегі миссиясы белгіленді, - деді Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституцияның жобасын таныстыру кезінде.
Осы орайда ол Конституциялық Сотқа өкілеттіктер беріліп жатқанын айтты.
– Сөз басында қорытындылар беру туралы айтып өттім. Оған қосымша халықаралық ұйымдар мен олардың органдары шешімдері орындалуының Конституцияға сәйкестігін қарау жүктелмек. Бұл мәселе бойынша Республика Президенті, Құрылтай Төрағасы, Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде бестен бірі, Премьер-Министр және Бас прокурор өтініш бере алады. Конституциялық Сот қабылдаған шешімдердің құқықтық салдары нақты жазылды. Конституциялық Сот орындалуы Конституцияға сәйкес келмейді деп таныған халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдері орындалмауға тиіс. Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілер берілген түсіндірмеде ғана қолданылуға тиіс деп бекітіліп отыр, - деді Конституциялық Сот төрағасының орынбасары.
Бұған дейін Жаңа Конституцияның соңғы нұсқасында 95 бап болатынын хабарлағанбыз.