Президент қол қойған заңдар қатарында «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Халық кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» конституциялық заңдар бар.
Нұрбек Матжанидың айтуынша, қабылданған заңдардың басты ерекшелігі – олардың жекелеген нормаларды нақтылаумен шектелмеуінде.
- Олар жаңа мемлекеттік институттарды қалыптастырып, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуді көздейді. Егер наурыздағы референдум Қазақстанның жаңа саяси моделінің негізгі қағидаттарын бекітсе, маусым айындағы заңдар пакеті сол қағидаттардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін айқындайды, – дейді сарапшы.
Вице-президент институтының маңызы
Сарапшы ерекше тоқталған мәселелердің бірі Вице-президент институтының енгізілуі екенін айтып отыр.
- Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң Мемлекет басшысының құқықтық мәртебесін, оның қызметін қамтамасыз ету тетіктерін нақтылайды және Қазақстан Республикасының Вице-президенті институтының мәртебесін егжей-тегжейлі бекітеді, - деді ол.
Нұрбек Матжанидың пікірінше, заңда көрсетілгендей, Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады және Мемлекет басшысы белгілейтін функцияларды орындайды.
- Бұл өзгеріс мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын арттыруға, билік сабақтастығын қамтамасыз етуге және ықтимал саяси тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Сонымен қатар мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді күшейтіп, басқару жүйесінің тиімділігі мен болжамдылығын арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті сарапшы.
Құрылтайдың рөлі күшейеді
Оның сөзінше, реформалар аясындағы маңызды құжаттардың бірі – «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң.
- Бұл заң Құрылтайдың қалыптасу тәртібін, қызметін, өкілеттіктерін және заң шығару процесіндегі орнын айқындайды. Жаңа конституциялық модельде Құрылтай халық өкілдігінің негізгі институттарының бірі ретінде қарастырылып отыр, – дейді Нұрбек Матжани.
Оның атап өтуінше, заң депутаттардың құқықтық мәртебесін, олардың құқықтары мен міндеттерін және шешім қабылдау рәсімдерін бекітеді.
- Бұл өз кезегінде өкілді демократияның жаңа тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, мемлекет саяси жүйедегі Құрылтайдың рөлін күшейтуге және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған, – деді сарапшы.
Мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа модель
Нұрбек Матжанидың пікірінше, реформалардың тағы бір маңызды бағыты – Конституцияда көзделген жаңа қоғамдық-саяси институттардың қызметін құқықтық тұрғыдан рәсімдеу.
- Атап айтқанда, Халық кеңесінің мәртебесі мен қызметіне ерекше назар аударылған. Осылайша мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа моделі қалыптасады. Бұл модельде қоғамдық құрылымдар шешім қабылдау процесінің маңызды элементтерінің біріне айналмақ, – дейді ол.
Сарапшы қабылданған заңдардың басым бөлігі саяси процестерді институционалдандыруға бағытталғанын айтады.
- Бұған дейін кейбір тетіктер саяси тәжірибе немесе заңға тәуелді актілер деңгейінде ғана жұмыс істесе, енді олар конституциялық деңгейде бекітілген тұрақты институттарға айналып отыр. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын күшейтіп, саяси процестердің айқындылығын арттырады, – дейді Нұрбек Матжани.
Реформалардың нәтижесі немен өлшенеді
Сарапшының айтуынша, жаңа заңдардың қабылдануы Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр.
- Референдумнан кейін еліміз саяси дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Азаматтар қолдаған Конституция мемлекет, қоғам және саяси институттар арасындағы қатынастардың жаңартылған моделін ұсынды, – дейді ол.
Нұрбек Матжанидың пікірінше, реформалардың маңызды нәтижелерінің бірі – билік институттары арасындағы өкілеттіктерді нақты айқындау.
- Жаңа заңдар өзара әрекеттесу рәсімдерін, жауапкершілік тетіктерін және басқару құрылымының жұмыс қағидаттарын белгілейді. Бұл азаматтар үшін де, халықаралық серіктестер мен инвесторлар үшін де маңызды сигнал. Яғни, конституциялық реформалар декларациялық сипатпен шектелмей, нақты құқықтық негізге ие болып отыр, – дейді сарапшы.
Сонымен қатар ол реформалардың табысы олардың іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынына байланысты екенін атап өтті.
- Жаңа институттардың тиімділігі тек заңдардың сапасына ғана емес, олардың іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынына да байланысты болады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген реформаның табысы жаңа органдардың құрылуымен емес, олардың қоғам сұранысына жауап беріп, нақты нәтижелер көрсетуімен өлшенеді. Сондықтан алдағы жылдардағы басты мәселе қабылданған заңдардың мазмұны ғана емес, олардың мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, қоғамдық сенімді нығайтуға және шешім қабылдау сапасын жақсартуға қаншалықты ықпал ететіні болмақ, – дейді Нұрбек Матжани.
Осылайша, сарапшының бағалауынша, Президент қол қойған конституциялық заңдар пакеті Қазақстанның жаңа Конституциясын іске асырудағы маңызды кезеңдердің бірі саналады.
Айта кетейік, 1 шілдеден бастап Конституциялық реформаның үшінші кезеңі басталады.