Конституцияның басты ерекшеліктерінің бірі адам құқықтарына бағдарлауында — Ерлан Қарин

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Конституцияның басты ерекшеліктерінің бірі адам құқықтарына бағдарлауында. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында Мемлекеттік кеңесші — Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин айтты. 

— Үшінші — жаңа Конституцияның тағы бір басты ерекшелігі адам құқықтарына бағдарлауында. Адам құқықтары мен бостандықтары жаңа Преамбулада, бірінші бөлімнің 1-бабында ғана емес, Конституцияның «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп аталатын негізгі екінші бөлімінде топтастырылып, айқындап, бөліп көрсетіліп отыр. Адам құқықтары мен бостандықтары жаңа құқықтық тетіктермен және кепілдіктермен қамтамасыз етілген, — деді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік кеңесші Конституцияның жаңа мәтінде адвокатура мен адвокаттық қызмет туралы арнайы баптың енгізілуі соған дәлел болатынын айтты.

— Бұл Адвокаттар қауымдастығының көптен бері көтеріп жүрген мәселесі, негізгі ұсынысы болатын. Енді ол конституцтиялық деңгейде орнықты, — деді ол.

Бұған дейін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков жаңартылатын Конституцияның кіріспесіндегі өзгешеліктерді тәрбие құралы ретінде бағалады.