Конституцияның жаңа жобасы адам құқықтарын басты құндылық ретінде бекітеді – Жанель Сайлыбаева

Фото: Жанель Сайлыбаеваның жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда әзірленіп жатқан Конституцияның жаңа жобасы елдің саяси-құқықтық жүйесін заман талабына сай жаңғыртуға және адам құқығын басты құндылық ретінде орнықтыруға бағытталған. Бұл пікірді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Тарих және құқық факультетінің Құқықтану кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты Жанель Сайлыбаева білдірді.

Оның айтуынша, жаңа Негізгі Заң жобасының басты ерекшелігі – оны әзірлеу үдерісіне қоғам мен сарапшылардың кеңінен тартылуы.

– Конституциялық реформаның бастамасы Мемлекет басшысының жасанды интеллект дәуірінде саяси жүйені жаңғырту қажеттігі жөніндегі ұстанымынан туындады. Конституциялық комиссия құрамына түрлі әлеуметтік топтар мен өңірлердің өкілдері енді. Комиссия жұмысының ашық форматта өтуі және азаматтардың e-Otinish пен eGov платформалары арқылы ұсыныс жолдауы – қоғамдық сенімді арттырған маңызды қадам, - деді заңгер.

Сарапшы Конституция жобасындағы негізгі идеологиялық жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттің адамға бағдарлануы екенін атап өтті.

– Адам құқықтары мен бостандықтарының Преамбулада негізгі басымдық ретінде бекітілуі бүкіл Конституцияның мағыналық өзегін айқындайды. Әділеттілік, Заң және Тәртіп қағидаттарының, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты қарау ұстанымының конституциялық деңгейде орнығуы – қазіргі қоғам сұранысына жауап беретін шешім, - деді Жанель Сайлибаева.

Оның пікірінше, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған институционалдық өзгерістер де айрықша мәнге ие.

– Бір палаталы, 145 депутаттан тұратын Құрылтайдың құрылуы және пропорционалды сайлау жүйесіне көшу саяси партиялардың рөлін күшейтіп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Ал Вице-Президент лауазымын енгізу қоғамдық-саяси және ғылыми ұйымдармен жүйелі диалог орнатуға мүмкіндік береді, - деді ол.

Сонымен қатар заңгер Халық Кеңесінің құрылуын азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысуын кеңейтетін тетік ретінде бағалады.

– Заң шығару бастамасы құқығы бар консультативтік орган халықтың мүддесін билікке тікелей жеткізуге жол ашады. Бұл өкілді органдардың өкілеттігін әлсіретпей, керісінше қоғамдық пікір мен мемлекеттік шешімдер арасындағы байланысты нығайтады, - деді сарапшы.

Жанель Сайлыбаеваның айтуынша, 11 бөлім мен 95 баптан тұратын жаңа Конституция жобасы Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға және оның технологиялық, әлеуметтік дамуын айқындайтын стратегиялық құжат болуға бағытталған.

– Конституциялық реформаның түпкілікті тағдырын халықтың өзі жалпыхалықтық референдумда шешеді. Бұл – билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатын маңызды саяси қадам, - деп түйіндеді ол.

Еске салсақ, бұған дейін заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов Конституциясының жаңа жобасында мемлекеттік билік тармақтары, адам және азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттері жүйелі түрде жетілдірілгенін айтқан еді.