«Консул» қонақ үйі Алматы полицейлерінің назарына ілікті
Тексеру кезінде оны күн сайын жеңіл-жүрісті 60 қыз-келіншек өз мекеніне айналдырғаны белгілі болды. Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің инспекторы Гүлнар Жаманқұлованың айтуынша, жедел уәкілдер «Консул» қонақ үйі қызметкерлерінің заңсыз әрекетін әшкерелеу үшін арнайы іс-шаралар жоспарын жасаған.
«Бастапқы кезеңде жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастырған қонақ үйдің 30-жастағы әкімшісі ұсталды. Ол жеңіл жүрісті қыз-келіншектердің әрқайсысынан күн сайын қонақ үйге кіріп, өз қызметтерін клиенттерге ұсыну үшін бес мың теңгеден алып тұрған. Олар үшін қонақжай бөлмелерінің әрбір сағаты алты мың теңгеге бағаланып отырған. Жедел іс-шара кезіндегі мәлімет бойынша, күн сайын бұл қонақ үйді 60 жезөкше мекен еткен», - дейді қалалық ІІД-нің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының Адам саудасымен күрес бөлімінің бастығы Таңат Назанов. Оның айтуынша, алдағы уақытта притон ұйымдастыруға жол берген, немесе тікелей оны ұстаған қонақ үй қожайындары жауапкершілікке тартылмақ. Бұған дейін «Маяк», «Поле чудес» және «Сагишка» қонақ үйлерінің қожайындары мен әкімшілері әшкереленген болатын. Бұл мекемелердің қызметкерлері мен иелеріне қатысты, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтар құрғаны үшін бірнеше қылмыстық іс қозғалды.