«Контрафакт» операциясы барысында ақпараттық-технологиялар саласында жасалған 478 заң бұзу әрекеттері анықталды

АСТАНА. Қарашаның 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Контрафакт» жедел-сауықтыру шарасының барысында ақпараттық-технологиялар саласында жасалған 478 заң бұзу әрекеттері анықталды.

 Оның 415-і - контрафактілік, 29-ы - порнографиялық, 4-уі зорлық-зомбылыққа негізделген  өнімдерді таратуға қатысты болып отыр. Сондай-ақ 13 рет байланыс құралдары мен интернетті заңсыз пайдалану, 3 зақымдаушы өнімдер енгізілген бағдарламалар тарату әрекеттері анықталған. Бұл мәліметтермен журналистерді Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция комитетінің Аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Маржан Маусымбекова таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның келтірген деректеріне қарағанда, жедел-сауықтыру шарасы барысында заңсыз айналымнан 57 мың дискілер мен 56 мың контрафактілік дискілер және 307 порнографиялық өнімдері бар дискілер және 69 лицензиясыз дайындалған туындылар алынған. Одан келген шығын 40 миллион теңгеге бағаланып отыр. «Аталған заңсыздықтар бойынша 34 қылмыстық іс қозғалды. Жедел-сауықтыру жұмыстары бойынша Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облысының полицейлері белсенділік танытты. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының тәртіп сақшылары 300-ден астам рейд ұйымдастырып, ақпараттық-технологиялар саласындағы заң бұзу фактілерінің  44-ін анықтады», дейді Криминалдық полиция комитетінің өкілі.

Естеріңізге сала кетейік, «Контрафакт» жедел-сауықтыру шарасы 2008-2010 жылдарға арналған қылмыспен бірлескен күрес жөніндегі халықаралық бағдарлама талаптарын орындау мақсатында қарашаның 2-сі мен 6-сы аралығында жүргізілді. Шара ақпараттық-технологиялар саласындағы қылмыстарды анықтауға бағытталды.