«Контрафакт» операциясының екі күнінде заңсыз аудио- және бейнеөнімдердің 600-ге жуық бірлігі анықталды
15:59, 04 Қараша 2009
АҚТӨБЕ. Қарашаның 4-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - «Контрафакт» операциясының екі күнінде Көліктегі Батыс Ішкі істер департаменті қызмет ететін аумақта 14 қылмыс тіркелді.
Департаменттің баспасөз қызметінен хабарлағандай, полицейлер 602 бірлік өнім тәркіледі, оның ішінде, 597-сі- контрафактілік аудио және бейнеөнімдер.
Атап айтқанда, Ақтөбе теміржол стансысында Хромтау қаласында тұратын әйел ұсталып, одан 268 контрафактілік DVD-диск тәркіленді.
Ал «Қазақстан темір жолы» компаниясының Атырау бөлімі филиалын тексеру кезінде желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері заңсыз «Майкрософт» бағдарламалық қамтамасыз етулер орнатылған LG маркалы екі компьютер процессорын тәркіледі. Аталмыш фактілер бойынша сараптама тағайындалды.
«Контрафакт» операциясы қарашаның 6-сына дейін созылады.