«Контрафакт» жедел сауықтыру шарасының барысында анықталған заңсыз әрекеттерден келген шығын 31 миллион теңгені құрады - ІІМ

АСТАНА. Тамыздың 17-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Контрафакт» жедел сауықтыру шарасының барысында анықталған заңсыз әрекеттерден келген шығын 31 миллион теңгені құрады.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық полиция комитетінің басқарма бастығы Инна Петрищева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның  айтуынша, жедел сауықтыру шарасы тамыздың 10-ы мен 15-і аралығында ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарды анықтау мақсатында жүргізілген. Осы жолғы шара барысында тәртіп сақшылары 362 рейд жұмыстарын ұйымдастырып, аудио және бейне материалдарды саудалаумен айналысатын 432 тіректі тексерген. Сондай-ақ тексеру шараларымен 157 компьютер клубтары мен интернет кафелер, 79 компьютерлік техника сатумен айналысатын фирма қамтылған. «Нәтижесінде ақпараттық технологиялар саласында 460 қылмыс анықталған. Олардың 346-сы контрафактілік өнімдерді саудалауға қатысты болса, 19-ы порнографиялық өнімдерді таратумен байланысты. Анықталған заңсыздықтардың барлығы бойынша қылмыстық іс қозғалды», деді басқарма бастығы.