Бұл туралы бүгін VII АЭФ аясында өткізілген «Антиконтрафакт» II халықаралық форумында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
Оның айтуынша, контрафактілік өнімдерден құқық иелері мен өндірушілер ғана емес, тұтынушылар жапа шегіп отыр. «Контрафактілік өнімдердің айналымы жаһандық сипатқа ие. АЭСР есебі бойынша 2011 жылы өткізілген контрафактілік тауарлардан 285,360 млрд. доллар кіріс түскен. Осының себебінен әлемдік нарық жыл сайын 650 млрд. доллар қаражат жоғалтады», - деп атап өтті ол.
Тақырыпқа байланысты бірінші вице-премьер Қазақстандағы ахуалға да тоқталды. «2013 жылы Қазақстанда Қаржы полициясы контрафактілік өнімдерге қатысты 600-ден астам қылмысты анықтады. Шамамен 70-ке таяу заңсыз цех әшкереленді. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп», - деді ол.