Концерт, ойын-сауық: Астана тұрғындарын 28 желтоқсан күні не күтіп тұр

Фото: Фото: Астана әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Елорда әкімдігі жаңа жылдық көңіл-күйге бөленіп, қысқы демалысты қай жерде көңілді өткізуге болатыны туралы хабарлады.

Елорданың әр жерінде сырғанақтар, мұз айдындары, безендірілген шыршалар, жаңа жылдық жәрмеңкелер, шағын архитектуралық формалар, концерттік бағдарламалар, фотоаймақтар және т. б. тұрғындардың қуанышына айналады. 

28 желтоқсанда Астананың бес негізгі орнында қазақ эстрадасының жұлдыздары мен шығармашылық топтарының қатысуымен мерекелік бағдарламалар, жаңа жылдық сыйлықтары бар интерактивті және спорттық ойындар, балаларға арналған бағдарлама, спорт мектептері оқушыларының қойылымдары және тағы басқалар өтеді.

Осылайша, Нұра ауданындағы «Астана Арена» стадионының автотұрағында мерекелік көңілді кеш 12.00-де басталып, 21.00-ге дейін жалғасады. Жұртшылық арқан тартыс, қаппен жүгіру, коньки тебу, мәнерлеп сырғанаудан мастер класс, жүлделі эстафеталар және концерттік бағдарламамен бірге көңілді старттарды тамашалай алады.

Фото: Астана әкімдігі

Есіл ауданының ЭКСПО аумағында сағат 16.00-ден 18.00-ге дейін мерекелік бағдарлама өтіп, көрермендерге шайбалы хоккейден шеберлік сыныбы, жүлделі спорттық эстафеталар мен концерттік бағдарлама ұсынылады.

Фото: Астана әкімдігі

Сарайшық ауданындағы «Қазақ елі» монументі жанындағы алаңда мерекелік көңілді кеш сағат 14.00-де басталады. Іс-шара қонақтары көңілді старттарға қатысып, жүлделер ұтып ала алады, эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарлама сағат 18.00-ден 20.00-ге дейін өтеді.

Фото: Астана әкімдігі

Сарыарқа ауданындағы қалалық алаңда (елорда әкімдігінің алдында) жаңа жылдық бағдарлама сағат 12.00-ден 14.00-ге дейін өтеді. Қала қонақтары мен тұрғындары үшін шайбалы хоккейден шеберлік сыныбы мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

Фото: Астана әкімдігі

Алматы ауданының Тәуелсіздік даңғылы бойындағы Оқушылар сарайының аумағында сағат 12.00-13.00 аралығында балалар шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама өтеді.

Фото: Астана әкімдігі

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш орындарда жаңа жылдық жәрмеңкелер, сырғанақтар, мұз айдыны және т. б. жұмыс істейді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елорда полициясы жаңа жылда аяз ата, ақшақар шақырғанда сақ болуды ескертті.