Қоңыраудың орнына күй ойнатсақ қайтеді - республикалық басылымдарға шолу
***
«Егемен Қазақстан» басылымына сұхбат берген Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының бастығы, филология ғылымының докторы Кенжехан Матыжановтың пікірінше, «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемекеттік бағдарламасы» айқын мақсаттар мен нақты шараларға құрылған. «Бағдарламада келтірілген халықаралық тәжірибеге көз салсақ, әлем мемлекеттерінің барлығында дерлік тіл саясаты заңмен реттеледі. Біз талқылап отырған бағдарламадағы мәселелерді жүзеге асыру үшін де Тіл туралы заңнан бастап көптеген заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, нормативті-құқықтық актілерді жетілдіру қажет. Сондықтан жобадағы ақпараттық мәні бар «Халықаралық тәжірибелер» тарауының орнына тіл туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде арнайы тарау енгізсе жөн болар еді», дейді ғалым. Оның осы мәселеге қатысты ұсыныс, пікірлері мен ойын білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Бағдарлама баянды болсын» атты тақырыпта берілген сұхбатты оқыңыз.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, соңғы жылдары қоғамда мұғалім мамандығының мәртебесі төмендеп кеткен. Негізінде, бұған - педагогтарға қойылатын талаптардың біржақты күшейіп, ал олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары төмен күйінде қалып қойғаны себепші деп білеміз. Мұндай көрініс олардың шығармашылықпен жұмыс жасауларына үлкен қолбайлау. Сондай-ақ педагогтар еңбекақысының аздығы мен материалдық-моральдық ынталандырудың жеткіліксіздігі де мұғалім мәртебесін биіктете алмайды. Бұл туралы «Ауыл мұғалімінің жай-күйі ойландырады» атты тақырыптағы мақалада.
***
«Айқын» басылымының хабарлауынша, енді бір аптадан кейін мектептерде... бүлдіршін жүрегіне білім нәрі мен патриоттық сезімді ұялататын білім ордасында қоңырау соғылады. Сабақтың басталғаны хабарланады. Алғашқы қоңырау... мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған баланың есінде қалатын мәңгілік сағыныш сәті... Алғашқы қоңырау. «...Осы біз қоңыраулатқанды қойсақ қайтеді?!. Қоңыраудың орнына күй ойнатсақ» деп жазады басылым тілшілері. Бұл туралы басылымның бүгінгі санындағы «Қоңыраулатқанды қойсақ қайтеді» атты мақаладан біле аласыздар.
Сондай-ақ осы басылымның хабарлауынша, елімізде бала саудасы бас ауыртар мәселе болып тұр. Өткен жылы кәмелетке толмаған балаларды саудалаудың 16 оқиғасы тіркелсе, осы жылдың жеті айында 11 оқиға орын алды. Кәмелетке толмағандардың арасында адам саудасының құрбанына көп жағдайда балалар үйінің тәрбиеленушілері айналады. Іздеушісі мен сұраушысы жоқ жетім балалар мектеп бітірген соң қайда барарын білмейді. Ақыл айтар,
жөн сілтер болмаған соң өз беттерінше жұмыс іздейді. Сөйтіп адам саудасын кәсіп еткендердің торына түсіп қалады. Аталмыш мәселе жөнінде «Айқынның» бүгінгі санындағы «Адам саудасы Қазақстанда да қызып тұр» атты мақалада.
***
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Жастардың «жәннатта кездескенше» дейтіні несі?» дейтін қызықты материал жарияланыпты. «Тәубе! Ислам діні жастар арасында кеңінен насихатталып жатыр. Бес уақыт намазын қаза қылмай, шәриғат заңын берік ұстайтын ұл-қыздарымыздың қатары күн санап артып келеді. Әрине, жағдай түзеліп келе жатқанымен, ислам заңдарын ұлттық құндылықтарымызға қарсы қойып, жастарды мемлекетшілдік рухтан айырып жатқан арам пиғылды насихатшылар да арамызда жоқ емес. Соның кесірінен кейбір жастарымыз дінді берік ұстағанымен, ұлттық құндылықтарымызға мұрнын шүйіріп, қарайтын жағдайға жетті.
Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, «Эйр Астана» қазақстандық ұшқыштарды дайындайды». Осындай тақырыппенмақала жариялаған автордың хабарлауынша, ұлттық әуе тасымалдаушы мен РТС ұшқыштарды дайындау колледжі алғашқы оқыту бағдарламасы аясында кадеттерді оқыту туралы келісімшарт мерзімін ұзартты. Еуропалық алдыңғы қатарлы жаттықтыру орталығының бірі саналатын колледж Уотерфорд (Ирландия) және Мельбурн (АҚШ) қалаларында орналасқан. Мұнда (Эйр Астана) әуе компаниясының 60 кадеті дәріс алатын болды. Бұл шара елдегі
ұшқыш мамандардың қатарын молайтып, 2022 жылға дейін ұлттық тасымалдаушы флотын 50 ұшақпен толықтыруға мүмкіндік береді.
***
«Аңсатып жеткен өз тәуелсіздігіміздің қадірі мен құрметі сөзбен айтып жеткізгісіз, әрине! Бірақ, ана тіліміздің дамуы әлі кенжелеп келеді. Кеңес кезеңінің жалпы әдебиет, мәдениет пен руханиятқы кең болғанымен, ұлттық құндылықтарға, ұлтымызға өткен зорлығы мен қиянатын ана тіліміздің осы ахуалынан айқын сезіне бастадық. Немересіне ертек айтпақ түгілі, қазақша білмейтін ата мен әже пайда болды. Олар алды 45-50 жасқа келген, бүгінгі қоғамды қалыптастырып отырған өкілдер. Олар - кеңестік орыс мектебінде оқығандар. Олар - қазақ әдебиеті мен жазушысынан гөрі, өзгенің қызыл-жасылын артық көретін топ. Ендеше әдебиеттің ақсауы қоғамнан ба, адамнан ба, анығын кім айтады», дейді жазушы, «Ақ желкен» журналының бас редакторы Нұрғали Ораз «Астана ақшамы» басылымына берген сұхбатында. Сұхбат «Біз - арманда қалған буынбыз» деп аталады.
***
«Сколько медалей принесет Азиада?». «Казахстанская правда» басылымы бүгінгі санында осындай мақала жариялапты. Басылым тілшісінің хабарлауынша, қараша айында Қытайдың Гуанчжоу қаласында он алтыншы жазғы Азия ойындары өтеді. Еліміздің туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовтың сөзіне қарағанда, еліміздің спортшылары Әлем чемпионаты мен Азия ойындарына қызу дайындалып жатыр. «Бұл Қазақстан құрамасының жақсы нәтижелер көрсетуі тиіс ең ірі әрі күрделі бәсекелер», дейді министр. Ал еліміздің жүзгіштер құрамасының бапкері олег Вагизовтың пікірінше, қазақстандық жүзгіштерге жүлделі орындарды, тіпті алтын медальды да жеңіп алады деп үміт артуға болады.
***
«Литер» басылымының хабарлауынша, Астанада салауатты өмір салтын ұстанатындардың кездесуі өтті. Қазақстанның есерткіге қарсы күштерінің II халықаралық форумы үкіметтің назарын есерткіқұмарлық пен маскүнемдік мәселесіне бұрды. Басылым тілшісінің жазуынша, азаматтық сектор өкілдерінің мәліметтері бойынша бүгінде елдегі маскүнемдіктен зардап шегетін азаматтар саны 1 миллионға жуықтайды. Бұл ресми мәліметтерден 5 есеге жоғары. Аталмыш мәселелер жөнінде «Литердің» бүгінгі санындағы «Трезвость не порок» атты материалда.