Қонжығы өлтірілген ашулы аю ауылды торуылдап жүр
Жақында ауылдың бір тұрғыны із-түзсіз жоғалып, аюдың азуы мен тырнағының ізі қалған мәйіті табылды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, осы оқиғадан біршама уақыт бұрын жүк көлігі аюдың қонжығын абайсызда қағып кеткен екен. Орман тағысы адамға осы себепті шабуылдаған болуы мүмкін. Медведка ауылының 65 жастағы тұрғыны елді мекеннен 15 шақырым жердегі қалың орманға саңырауқұлақ теруге кеткен. Отбасына оралмаған отағасының балалары келесі күні полицияға шағымданады. Ұлы Виталий Белокопытов полиция сақшылары арызды алып кеткеннен кейін келесі күні келмегенін, әкесін алдымен өздері іздегенін айтады. Үшінші күні ғана аудандық ішкі істер басқармасы қызметкерлері мен жергілікті аңшылар жоғалған тұрғынды іздеуге шыққан. Алдымен ауылдан үш-ақ шақырым жердегі бұтақтар арасынан аю кездесіпті. Аспанға оқ атқаннан кейін жыртқыш аң ну тоғайға қарай қашып кетеді. Аңшы Андрей Юртайкиннің айтуынша, іздеу жұмыстарының бесінші күнінде ғана жоғалған тұрғын табылыпты. Алайда, тағы хайуанның әбден талауына түскен мәйіттің арша-боршасы шыққан екен. - Қылмыстық іздестіру бөлімі қызметкерлері мен учаскелік полицей орманды сүзіп шықты. 15 адам жұмылдырылған іздестіру кезінде қан жоса болған адам денесі табылды. Денедегі іздердің аюдың тырнағы мен азуынан қалғанын аңшылар анықтады, - дейді Шемонайха АІІБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Серік Оразов. Содан бері медведкалық тұрғындардың мазасы кетті. Өйткені, қонжығының өліміне ашулы аю ауылды әлі торуылдап жүрген көрінеді. Тіпті, үрейі ұшқан омарташылардың тастап кеткен омарталарына «иелік» етіп, ұяларды талқандап, балауыздарды шығарып тастаған. Тұрғындар ауылдағы шеткі үйге 20 метрдей жақын келген аюдың ізін көріпті. Атын суаруға барған тұрғындардың бірі, көміп тастаған аю жемтігінің иісін сезгенін айтады. Артем Писарев есімді тұрғынның айтуынша, түн баласында ауыл иттері ұлардай шулап, жылқылар жайылымға шықпайтын болған. Қазір орман тағысын ұстауға барлық күш жұмылдырылды. Жергілікті аңшылар да ізіне түсуге құлшынып отырғанымен, аюды атуға рұқсат жоқтығын алға тартады. Браконерлікке кесілетін айыппұл - 500 мың теңге. Облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жетекшісінің орынбасары Виталий Чернецкий аңшылық маусымы ашылмаған кезде аңды атуға жыл бойы қару ұстауға рұқсаты бар ғана адамдар тартылатынын айтады. Бүгінде Медведка көшелері иесіз қалған жұрттай күндіз де қаңырап тұрады. Өйткені, тұрғындар үйден шығуға үрейленеді.