Көп адамдар әлі күнге дейін өте кедей тұрады - Еуропарламент президенті

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Еуропа парламентінің кезекті көшпелі сессиясының ашылуында сөз сөйлеген ЕО заң шығарушы органының басшысы Роберт Метсола 17 қазан - Халықаралық кедейлікке қарсы күрес күні екенін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҰҰ мәліметінше, Халықаралық кедейлікті жою күнінің тарихы 1987 жылдың 17 қазанымен байланысты.

1948 жылы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына қол қойылған Париж қаласындағы Трокадеро алаңына сол күні 100 мыңнан астам адам жиналды.

Құжат кедейлік, зорлық-зомбылық және ашаршылық құрбандарына құрмет көрсетуге арналған.

Сол күні жиналғандар кедейліктің адам құқығын бұзатынын мәлімдеді және бірлескен күш-жігермен осы құқықтарды сақтау қажеттігін растады.

Тиісті мәлімдеме сол күні ашылған ескерткіш тасқа жазылған.

Содан бері әртүрлі таптағы, сенімдегі және әлеуметтік ортадағы адамдар жыл сайын 17 қазанда өз ұстанымдарының өзгермейтіндігін растау және кедейлермен ниеттестікті көрсету үшін жиналады.

Биыл Дүниежүзілік кедейлікке қарсы күрес күніне 35 жыл және Халықаралық кедейлікті жою үшін күрес күніне 30 жыл толады.

Еуропарламент президенті Р. Метсола әлі де тым көп адам азық-түлікке, суға, киімге, тұрғын үйге, білімге немесе медицинаға мұқтаж екенін айтты.

«COVID-19 пандемиясы мен Украинадағы жағдай миллиондаған адамды кедейлікке итермелейді және ЕО Парламенті бұған қарсы тұру үшін жұмыс істеуі керек» деді ол.




Фото: ООН/Мартин Перре