Көп балалы аналарға медальдар тапсырылды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - ҚР Президентінің көп балалы аналарды «Алтын алқа», «Күміс алқа» медальдарымен марапаттау жөніндегі Жарлығына сәйкес, сәуірдің 7-де Алматы қаласы, Әуезов ауданы әкімдігінде жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелеп өсірген бес анаға «Алтын алқа» және алты баланы өмірге әкелген 23 анаға «Күміс алқа» марапаты салтанатты түрде табыс етілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Әуезов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталмыш аудан әкімінің орынбасары Сайран Сайфеденов көпбалалы аналарды құттықтап, ізгі тілегін жолдады. «Осындай көп балалы аналарға мемлекет тарапынан ай сайын 8 мың теңге көлемінде жәрдемақы төлеу қарастырылған. Сол мақсатта бюджеттен 30 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. «Алтын алқа» иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көп балалы аналар белгіленген мөлшерде тұрғын жерлермен қамтамасыз етілетін болады», деп атап өтті әкімнің орынбасары.

Қазіргі уақытта Алматының Әуезов ауданында екі мыңнан астам көп балалы ана бар. Жыл басынан бері жүзден астам ана марапаттауларға ие болса, соның 43-і «Алтын алқа» иегері атанған.