Көп балалы ананың тұрғын үй алу кезегі қалпына келтірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы көп балалы ананың құқығын қорғап, оны тұрғын үй алу кезегінде тұрған тізімге қайтадан алды.

Орал қаласының №2 сотының 2016 жылғы 24 тамыздағы шешімімен А.Расқалиеваның Орал қаласы әкіміне "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі " ММ-нің 2016 жылғы 3 маусымдағы №1580 Қаулысын тану және тұрғын үй алу кезегін қалпына келтіру туралы талап арызынан бас тартылған.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың шешімін жоя отырып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарды.

Істің мәні бойынша, 1990 жылдың желтоқсан айында А.Расқалиева 4 баласы болуына байланысты "көп балалы отбасы" санаты бойынша тұрғын үй алуға кезегіне есепке қойылған.

Ол 25 жылдан астам уақыт бойы тұрғын үй алу кезегінде тұрған. Бірақ 2016 жылдың маусымында бұрын, 1995 жылы 2 бөлмелі пәтерді жеке меншігіне жекешелендіруіне және қазіргі уақытта балалары өсіп кетуіне байланысты көп балалы отбасы емес деген негіздер бойынша кезектен шығарылған. Сот алқасы жауапкерлердің ҚР "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 73 б. нормаларын бұзуына байланысты А.Расқалиева кезектен заңсыз шығарылған  деген тұжырымға келді. Өйткені көп балалы отбасы халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады және есептен шығарып тастауға жатпайды. Олар заңда белгіленген тәртіппен тұрғын үй алғанға дейін, тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және есепке қойылған.

Сондай-ақ, ҚР "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 69 б. бойынша, ол барлық 4 баласы өзімен бірге тұруына, ал олар тұратын пәтер санитарлық және техникалық талаптарға сай келмей, бөлмелері аралас болуына байланысты тұрғын үйге мұқтаж болып қала береді.

Апелляциялық сатыдағы сот жауапкерлер тарапынан анықталған бұзушылықтар туралы Батыс Қазақстан облысы Әкімінің атына жеке ұйғарым шығарды. Өйткені жергілікті атқарушы органдар осы Заңның 71 б. бұзып, тұрғын үйге мұқтаж есепте тұрған азаматтардың кезектілік тізіміне жыл сайынғы түгендеуді жүргізбеген.