Қопа көліне шомылуға барған балалар құтқарылды - Ақмола облысы
18:19, 06 Маусым 2016
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалық құтқарушылар Қопа көліне шомылуға барған балаларды ажалдан аман алып қалды.
Бұл туралы аймақтық ТЖД баспасөз қызметінен хабарлады.
«Ағымдағы жылдың 5 маусымы күні 1999-2001жылғы туған көкшетаулық жеті жасөспірім суға шомылмақ болып Қопа көліне барады.Кейін көл жағасында жатқан салды алып, суда жүзеді. Сол кезде қатты жел балалар отырған салды көлдің ортасына алып кетеді. Өз еркімен жағаға шықпақ болған олардың әрекетінен ештеңе шықпай, көмек шақыруға мәжбүр болады. Осы кезде Ақмола облыстық ТЖД жедел құтқару отрядының Көкшетау қаласы бойынша құтқару бөлімшесінде кезекшілік жасаған құтқарушы Роман Шевченко қырағалық танытып, қол бұлғап көмекке шақырып жатқан балаларды биноклмен байқап қалады.
Дереу оқиға орнына жеткен құтқарушылар жасөпірімдердің барлығын аман-есен жағаға алып шықты»,делінген хабарламада.