— Көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында олардың табысына қарамастан республикалық бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оған 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа толмаған күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар отбасылар өтініш бере алады. Жәрдемақы мөлшері балалардың санына қарай, яғни 4 балаға 16 АЕК көлемінде, 7 балаға 28 АЕК көлемінде сараланады. Отбасында 8 және одан көп бала болса, әр балаға 4 АЕК көлемінде жәрдемақы төленеді, — деп түсіндірді Алтынай Сәрсембаева.
Сондай-ақ «Күміс алқа» иеленген көпбалалы аналар бюджет есебінен ай сайын 6,4 АЕК көлемінде жәрдемақы алады.
Ал «Алтын алқасы» бар және «Батыр ана» атағы бар, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордері бар аналарға 7,4 АЕК есебінде жәрдемақы тағайындалады.
Еске салайық, биыл көпбалалы отбасылар мен наградталған аналар 253 млрд теңгеден астам жәрдемақы алды.