Көпбалалы мемлекеттік қызметшілер міндетті ротациялаудан босатылмақ – агенттік

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көпбалалы мемлекеттік қызметшілерді міндетті ротациялаудан босату ұсынылады. Бүгін Парламент Мәжілісінде тиісті заң жобасын таныстыру барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Марат Дәуешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көпбалалы ата-ана болып саналатын мемлекеттік қызметшілерді міндетті ротациялаудан босату ұсынылады. Бұл норма олардың әлеуметтік қорғалуын арттыруға мүмкіндік береді. Әдетте, төрт және одан да көп баланың болуы басқа жерге көшуді қиындатады. Осыған байланысты көпбалалы ата-аналарға міндетті түрде ротацияға жататын басшылық қызметтерінен бас тартуға тура келеді», - деп түсіндірді М. Дәуешев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілісте Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

Құжат аясында Қазақстанда саяси лауазымдарға біліктілік талаптарын белгілеу ұсынылды.

Заң жобасымен 1 кодекске («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске) және 4 заңға («Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Қазақстан Республикасының Жоғары сот кеңесі туралы») түзетулер енгізіледі.