Көпбалалы отбасыларға көмек: Жолдаудан соң не өзгереді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - БҰҰ балалар қорының (ЮНИСЕФ) дерегінше, әлемде кедей отбасының 90 пайызы көпбалалы екен. Ал елімізде 6 миллион баланың 1 миллионы кедей отбасында өмір сүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, олардың басым көпшілігі көпбалалы отбасылардан шыққан. Қазіргі уақытта елімізде 487 мыңнан астам отбасы көпбалалы екенін ескерсек, онда бұл - бүгіннің өзекті мәселесі екені анық. Содан да болар, Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында еліміздің болашағы саналатын балаларға ерекше көңіл бөлді. Мәселен, сарапшылар Ұлттық қордан қаржы бөлу де балалардың болашағына құйған инвестиция әрі әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына әсер етеді дейді.