Көпен Әмірбектің жаңа кітабы жарық көрді

АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Алматы қаласындағы «Атамұра» баспасынан танымал сатирик Көпен Әмірбектің «Па шіркін, Пародия!» атты кітабы жарық көрді.

Бұл жинақта қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, сын-сықақтың сардары Көпен Әмірбектің әр жылдары жазған әзіл-қалжың әңгімелері, шымшыма шумақтары жарыққа шығып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Кітап төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі «Сахналық пародия» деп аталған. Онда қаламгер еліміздің белгілі қоғам және өнер қайраткерлеріне, ақын-жазушыларына арнап жазған пародиялары жарияланып отыр. «Шығармашылық пародия» деген атаумен берілген жинақтың екінші бөлімінде ақындардың өлеңдеріне сын жазылған. Үшінші «Езу тартар эпиграмма» бөлімінде әр жылдары сатирик ақынның сын садағына ұшыраған қаламгерлер туралы жазылған уытты шумақтары берілген. Осы кезге дейін Көпен Әмірбектің шығармашылығы, өзіндік ерекшеліктері туралы қаламгерлер аз жазған жоқ. Бірі өлең арнаса, екіншілері сықақшы туралы пікір білдірген. Осының бәрі «Мен не деймін, ел не дейді?» деген атаумен төртінші бөлімде топтастырылған. Кітаптың көлемі 16 баспа табақ. Таралымы 3 мың дана.