Дания астанасы мүмкін болған 100 балдың 98-ін жинап, рейтингтегі бірінші орнын сақтап қалды.
Екінші орынға Вена, үшінші орынға Мельбурн жайғасты. Ал алғашқы ондыққа Сидней, Цюрих, Женева, Осака, Аделаида, Ванкувер және Токио қалалары кірді.
– Рейтинг 173 қаланы қамтиды және 30-дан астам көрсеткіш негізінде жасалады. Олар тұрақтылық, денсаулық сақтау, мәдениет пен қоршаған орта, білім беру және инфрақұрылым секілді бес негізгі санатқа біріктірілген, – делінген EIU есебінде.
Әлем бойынша өмір сүру қолайлылығының орташа көрсеткіші өткен жылғы деңгейде қалып, 100 балдың 76,1-ін құрады.
Зерттеуге сәйкес, Батыс Еуропа өмір сүруге ең қолайлы өңір болып қалды. Оның орташа көрсеткіші – 91,7 балл. Одан кейін 90,4 балмен Солтүстік Америка тұр.
2026 жылы ең айтарлықтай өсім Азия елдерінде байқалды. Бұған Қытай қалаларындағы денсаулық сақтау саласы көрсеткіштерінің жақсаруы және Жапониядағы оң өзгерістер әсер еткен.
Сонымен қатар EIU сарапшылары тұрақтылық көрсеткішінің төмендеп жатқанын атап өтті. Барлық қала бойынша орташа көрсеткіш 0,5 балға азайған.
Ең үлкен төмендеу Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка өңірінде тіркелді. Маскат пен Эль-Кувейт рейтингте тиісінше 14 және 12 орынға төмендеді.
Рейтингтің соңғы орнында тағы да Дамаск қалды. Одан кейін Триполи, Дакка, Карачи және Алжир орналасқан.
Ал ең жоғары өсім көрсеткен қалалар қатарында Қытайдың Фучжоу, Уси, Нанкин және Чжухай қалалары, сондай-ақ Лиссабон бар. Нью-Йорк тұрақтылық көрсеткішінің жақсаруы нәтижесінде үш сатыға көтерілді.
Айта кетейік, Қазақстан ТМД елдері арасында көшуге ең қолайлы мемлекет атанды.