Көпқабатты тұрғын үйлердің күтіміне кім жауап береді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев өзінің Фейсбук парақшасында көпқабатты тұрғын үйлердің күтіміне кім жауапты екенін түсіндіретін видеоны жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз сіздермен үй иесі бола отырып, шатырдағы ақаулар, подъездің жөндеуі, ыстық судың өшірілуі секілді мәселелерге тап болып жатамыз. Жертөле туралы тіпті айтпай-ақ қоялық. Қанекей, біздің жауапкершілік қандай және коммуналдық қызметтердің міндеті қай жерден басталатынын анықтап көрелік. Сонымен бәрін тәртіп бойынша баяндасақ», - делінген видеода тұрғын үй - әр адамның жеке иелігі екендігі ескертіледі.

Бейнероликте берілгеніндей, әр адам - өз үйінің қожасы. Яғни, ол үйдегі құбыр мен электр желісінің, электр құрылғыларының жайына әр адамның өзі жауапты.

«Жеке мүліктен бөлек, сізде жеке үлескерлік мүлік барын ұмытпаңыз. Нақтырақ айтқанда, сіз өз  подъезіңіздегі көршілеріңізбен бірге, тұрғын үйдің баспалдағына, подъезіне, қоқыс құбырына, подъезіне терезе орнатуға, есіктерге жауаптысыз. Ал жалпы үйлердің электр желілері электрлік қызмет көрсететін ұйымның мойнында. Бірақ, бұнымен сіздің мүлкіңіз шектеліп қалмайды. Көршілеріңізбен бірге, үй тұрған жер участогына, қоқыс камераларына, шатырға, жертөлеге жауап бересіз. Бұның бәрі де ортақ - тұрғындардың үлескерлік иелігі. Осылайша сіздің иелігіңіз - яғни жауапкершілігіңіз аяқталады. Бұның бәрі де кондоминиум нысаны деп аталады», - дейді.

Одан кейін электр қуатын жеткізіп беріп тұрған, кәріз суына, жылу энергтиясына, ыстық және суық суға жауапты коммуналдық қызметтердің жауапкершілігі басталады.

«Міне, осылайша қысқаша ғана мысалмен біз сіздерге коммуналдық қызметтерді жеткізіп берушілер мен тұтынушылар арасындағы қарым-қатынастың күрделі жүйесін айқындап бердік. Өзара қарым-қатынастың формуласын ұсынамыз: кондоминиум нысаны тұрғын үйдің жеке иелігі мен пәтер иесінің жалпы үлескерлік иелігінің қосындысына тең. Байқасаңыз, бәрі де айтарлықтай күрделі емес. Көптеген мәселелер өзімізге байланысты. Біз сіздермен бірге тек пәтердің ғана емес, подъездің де, жертөленің де, шатырдың, үй маңындағы жер учаскесіне иесіміз. Өмір сүруіміздің жайлылығы бәрімізге байланысты. Тек өзіміздің мүлкімізге жіті қарасақ болғаны», - деп аяқталған бейнеролик.

Айта кетейік, екі жарым минуттық бейнеролик әлеуметтік желіде таратуға ыңғайлы әзірленген.