- «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда тұрғын үй қорын басқару саласындағы құқықтық қатынастарды реттеу, оның ішінде заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау бойынша мемлекеттік органдардың бірқатар құзыреті көзделген. Бүгінде министрлік барлық бұйрықты қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіріп, мониторинг жүргізу бойынша қажетті шараларды қабылдады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың бірқатар өкілеттігінде сәйкессіздіктер анықталды. Оларды іске асыру қолданыстағы Заңға өзгерістер енгізу қажеттілігіне байланысты мүмкін болмай отыр,- деді Рахымжан Исақұлов.
Оның айтуынша, тексеру парағына 17 тармақ қосымша енгізілді. Онда кондоминиум объектісін басқару нысаны немесе кондоминиум объектісін басқару субъектісі өзгерген кезде не кондоминиум объектісін басқару жөніндегі қызмет тоқтатылған жағдайда тапсырыс берушінің (құрылыс салушының), мүлік иелері бірлестігінің төрағасының не кондоминиум объектісін басқару субъектілерінің құжаттаманы, сондай-ақ өзге де техникалық құралдар мен жабдықтарды қабылдау-тапсыру актісі бойынша уақтылы және толық көлемде беруін тексеру көзделген.
- Дегенмен, Заңның 10-9-бабының 2-тармағына сәйкес, мемлекеттік бақылау мен қадағалау субъектілері ретінде тек мүлік иелерінің бірлестігі және кондоминиум объектісін басқару субъектілері ғана айқындалған. Құрылыс салушылар мемлекеттік бақылау субъектілеріне жатпайды. Осыған байланысты іс жүзінде оларға қатысты әкімшілік санкцияларды қолдану мүмкін емес. Бұдан бөлек, министрлік жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштер аясында заңнамаға мониторинг жүргізді. Оның нәтижелері бойынша мүлік иелері бірлестігі төрағаларының құзыретіне қатысты бірқатар дәл емес әрі екіұшты ұғымдар анықталды.
Аталған құзыреттерді нақтылау үшін Заңға түзетулер енгізу қажет, - деді ол.
Вице-министрдің атап өтуінше, министрлік осы саладағы қолданыстағы заңнама мен заңға тәуелді актілерді одан әрі жетілдіру бойынша жұмысты тұрақты негізде жүргізіп келеді. Заңнамалық реттеуді талап ететін анықталған мәселелер бойынша «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға өзгерістер енгізу жөнінде тиісті ұсыныстар әзірлеу жұмысы жалғастырылады.
- Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, жүргізілген қайта қарау қорытындысы бойынша Министрлік өз құзыреті шегінде барлық қажетті шараларды қабылдады. Ал мемлекеттік бақылау мен қадағалау субъектілерінің құрамын кеңейту (құрылыс салушылар бөлігінде), сондай-ақ ұғымдық аппарат пен мүлік иелері бірлестігі төрағаларының құзыреттерін нақтылау мәселелері қолданыстағы заңнаманы жетілдіру аясында пысықталады, - деді ол.
Бұған дейін жылжымайтын мүлік үлесіне инвестиция салу мүмкіндігі іске қосылатынын жазған едік.