Көпшілік алдында адамдарды алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайды – Ерлан Қарин

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин елдік ұстанымдарға қайшы келетін әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қою қажет екенін айтты.

Фото: Ақорда

Тойда тілекке шығып, ерсі уағыз айтып кеткен ер адамның видеосын желіден көріп қалдым. Шын мәнінде, оның әйелдерді кемсітуі, әншілерге, музыка өнеріне қатысты теріс пікір білдіруі болмысымызға мүлдем жат. Ұлттық таным-түсінікке сәйкес келмейді. Өйткені Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады, - деп жазды Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сонымен қатар өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою да асыра сілтеушілік екенін атап өтті.

– Мемлекетіміз таңдаған жол бұл емес. Керісінше, еліміз білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке басымдық беріп келеді. Көпшілік алдында адамдарды бұлайша алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайды. Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз. Еліміздің жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан. Сол себепті ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы келетін мұндай әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қоюымыз қажет, - деді Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде тойда тілектің орнына уағыз айтқан адамның бейнежазбасы тараған болатын. Оның сөзі көпшілік арасында сынға ұшырады. Желі қолданушылары оның тойға түрлі шектеу қою туралы, атап айтқанда музыканы мүлде алып тастау, ер мен әйелді бөлек отырғызу туралы айтқанын және әйелдерді «ұрғашылар» дегенін орынсыз деп бағалаған.

Ерлан Қарин жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру ұлттың дамуы мен өркендеуінің негізгі алғышарттарының бірі екенін айтқан еді.