Көптеген мәселелер бойынша әлем елдері Қазақстаннан үлгі алуы керек - БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көптеген мәселелер бойынша әлем елдері Қазақстаннан үлгі алуы керек. Бұл туралы бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінің пленарлық отырсында БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Нәсір Абд әл-Әзиз Ан-Насер мәлім етті.

«Әлем елдері көптеген мәселелер бойынша Қазақстаннан үлгі алуы тиіс екенін үнемі айтып келемін. Әсіресе, бұл ел 125-тен астам этникалық топтар мен түрлі діндерден құралған өзінің әралуан қоғамдастықтарын парасаттылықпен басқарып отыр», - деп тоқталды Жоғары өкіл.

Ол өз сөзінде барша адамзат әлемдегі теңдессіз өтпелі кезеңнің куәгері болып отырғандығын атап өтті.

«Ұзаққа созылып кеткен шешімін таппаған қақтығыстар, лаңкестік, ұйымдасқан қылмыс, есірткінің заңсыз айналымы мен денсаулық сақтаудың проблемалары бүгінде миллиондаған адамға қауіп тудыруда. Біз бөліну саясаты кезеңінде өмір сүрудеміз және бұл бағыттағы оқиғалар біздің мәдени түсінігімізге кере әсер етуде. Осы орайда әлем біз 20 жыл бұрын білгендей қалыпта емес екенін айтқым келеді», - деді Нәсір Абд әл-Әзиз Ан-Насер.

Ол өз сөзінде адамзатқа жаңа инновациялық рөл өте қажет болып тұрғандығын және оны тиімді әрі мейірімділікті басты назарға алған билік өкілдері ұсынуы тиіс екенін қадап айтты.