«Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Сізді Қазақстан Республикасы Президенті қызметіне ресми түрде кірісуіңізбен шын жүректен құттықтаймыз.
Біз, Бас редакторлар клубы, қазақстандық БАҚ өкілдерінің ірі бірлестігі ретінде Сіз ұлықтау салтанатында тоқталып өткен мәселелердің маңыздылығын ескеріп, зор ықыласпен қабыл алдық. Сіз ұсынып отырған бес институционалдық реформа еліміздің бүгінгі даму қарқынын сақтап қана қоймай, еселей түсудің басты жоспарына айналары хақ. Атап айтқанда, заманауи мемлекеттік аппаратты қалыптастыру экономикалық бағдарламалардың тиімді жүзеге асуын және мемлекеттік қызметтерді сапалы ұсынуды қамтамасыз етеді. Ал экономиканың дамуына ықпал ететiн кәсiпкерлiкке заңның үстемдігі арқылы жағдай жасалып, келiсiм мiндеттерiн қорғауға кепiлдiк берілмек. Жаппай индустрияландыру Қазақстанның өндірістік қабілетіне қан жүгіртіп, тұрақты экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналды. Көпұлтты еліміздің ұлы мұраты - Мәңгілік Елдің іргетасын қалауда біз әркез өзіңізбен біргеміз! Көреген саясаткер әрі білікті басшы ретіндегі бай тәжірибеңіз бұдан әрі де Қазақстанның абыройын асқақтатып, тәуелсіздігімізді тұғырлы етеді деп сенеміз.
Жаңа президенттік мерзіміңіз барысында еңбегіңізге жеміс, елімізге құт-береке тілейміз», делінген құттықтауда.