Қор биржасында сақтандыру ұйымдары инвестициясының рентабельділігі тұрақты - ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі төрағасының орынбасары

АЛМАТЫ. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бағалы қағаздар бағасының төмендеуіне қарамастан Қазақстан қор биржасында сақтандыру ұйымдары инвестициясының рентабельділігі тұрақты.

Бұл жайлы бүгін Алматыда өтіп жатқан тәуекел менеджменті туралы 5-ші халықаралық конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі төрағасының орынбасары Алина Алдамбергеннің айтуынша, дағдарыс жағдайындағы бағалы қағаздар бағасының төмендеуіне қарамастан сақтандыру ұйымдарының рентабельділігі тұрақты, шамамен 7-8 пайыз шамасында болып отыр. Жалпы тікелей сақтандыру келісімі бойынша сақтандыру сыйақысының көлемі 2008 жылы елімізде 133 миллиард теңгені құрады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда ол 9 пайызға төмендеген. «Сақтандыру сыйақысы түрлі қаржылық шығындарда - 61 пайыз, өмірді сақтандыруда - 33 пайыз, бақытсыз жағдайды сақтандыруда - 32 пайыз, автомобиль көлігін сақтандыруда - 26 пайыз, мүлікті сақтандыруда 19 пайызға кеміді. 2009 жылы біздің есебіміз бойынша сақтандыру сыйақысының көлемі 114 миллиард теңгені құрамақ. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 15 пайызға төмен», - дейді Алина Алдамберген.