Дастархан басында айтылған ақсақалдың бір ауыз сөзі кейде бүтін бір ұрпаққа бағыт-бағдар болып, жас адамның жүрегіне жігер, көңіліне медет берген. «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас», «Жақсы сөз — жарым ырыс» деген халық нақылдарының өзі қазақ танымындағы батаның орнын аңғартады.
Этнограф-фольклоршы Александр Васильев 1905 жылы Орынборда жарық көрген «Образцы киргизской народной словесности, молитвенных благожеланий — бата сөз» мақаласында батаны қазақ халқы ерекше қадірлейтін, ақ ниет пен ізгі тілекті поэзиялық түрде жеткізетін қазақ поэзиясының бір түрі деп сипаттаған.
Батаның түп-төркіні жөнінде зерттеушілер арасында ортақ бір ғана пікір жоқ. Кейбір фольклоршылар оның араб тіліндегі «фатиха» немесе «фатеке» ұғымдарымен сабақтастығын айтса, енді бір зерттеулерде оның түркілік дүниетаныммен, халықтың ежелгі ғұрыптық мәдениетімен байланысы сөз болады. Қазақтың дәстүрлі танымында бата көбіне дастархан соңында, жолға шығарда, үлкен істі бастарда, қуанышта, тойда, жаңа отау көтергенде, нәресте дүниеге келгенде, сондай-ақ түрлі діни-ғұрыптық жағдайда айтылған.
Бірақ бата — өткеннің ғана жәдігері емес. Ол бүгін де қазақ қоғамының тынысымен бірге өмір сүріп келеді. Соңғы жылдары бата беру жарыстары ұйымдастырылып, батаның бірнеше жинағы жарық көріп, батагөй қариялардың өнері насихатталып жүр. Осы орайда бата дәстүрін өмір бойы ел арасында айтып, оны өзінше жаңғыртып келе жатқан жазушы, ардагер ұстаз, батагөй қария, астанада өткен бата беру жарысының жүлдегері, «Ақ батаммен Алашқа дәт, ата тарихымнан бауырға хат», «Ауыз-енші, Ақыл-Сауға» кітаптарының авторы Пәрменбек Жұмабайұлының пайымы назар аударуға лайық.
Ол атадан балаға жеткен осы рухани мұраға жанашыр қарапайым азамат ретінде өзі ұзақ жылдар бойы ел арасында айтып жүрген төл баталарды топтастырып, кітап жазған.
Оның айтуынша, бата — бір ғана дастархан басындағы рәсіммен шектелетін дүние емес. Ол қазақтың тарихи жадымен бірге қалыптасқан рухани құбылыс.
— Бата — ата-бабаларымыз ел боп жаралғалы елдігі мен салт-санасына, тірлігімен бірге жасап, бірге өріліп келеді. Бата — ақ тілек түрінде, болашаққа бағдар түрінде, ант-аманат түрінде, алғыс-қарғыс түрінде сан алуан істің жолын ашып, нүктесін қоятын қазақ ауыз әдебиетінің ең маңызды, төрелі бір саласы, — дейді ол.
Бата беру дәстүрінің қазақ қоғамындағы салмағын түсіндіру үшін оның тарихына үңілудің мәні зор. Пәрменбек Жұмабайұлы халық арасында сақталған аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, батаның бастауы тым әріде жатқанын айтады. Оның пайымынша, бұл дәстүр түркі халықтарына ортақ болғанымен, қазақ арасында ерекше дамып, өзіндік сипат алған.
— Бата беру салты бүкіл түрік тектес халықтарда бар. Соның ішінде түркі халқының ата жұрты әрі қара шаңырағы есептелетін қазақ халқымызда ерекше дамыған және қалпын айнытпай сақталған. Қазақ халқы «бата салтымыз — қазыналы асыл мұрамыз, бабадан қалған алтын ескерткішіміз» деп әспеттеп, қастерлеп, бүгінге дейін жалғап, салиқалы дәстүрге айналдырып келеді, — дейді батагөй қария.
Қазақ танымында бата сұрау да, бата беру де үлкен жауапкершілік болған. Бұрын ел ішінде беделді би-шешендерден, батырлардан, ақын-жыраулардан, абыз ақсақалдардан бата алу мәртебе саналған. Пәрменбек Жұмабайұлы халық жадында қалған тарихи тұлғалардың да бата алғанын мысал етеді. Абылай ханның Шақшақ Жәнібектен, Абайдың Шөже ақын мен Қарт Бөжейден, Жамбылдың Сүйінбайдан бата алғаны туралы деректерді келтіреді.
— Ханымыз да, қарамыз да бісмілләсіз, батасыз ас ішіп, атқа қонбаған, таққа отырмаған, жауға шауып, дауға түспеген, үлкен үйдің дәмін татып, үлкендердің алдынан өтпей, ризалығын алмай, батасына қанбай елі үшін де, өзі үшін де игі іс, ұлы бастама жасамаған, — дейді Пәрменбек Жұмабайұлы.
Алайда батаның қадірі оны айтушының жасына ғана байланысты емес. Батагөйдің елге сыйлы болуы, өмірден көрген-түйгені, сөзге жүйріктігі, адам тануы маңызды. Ең бастысы — бата жүректен шығуы керек.
— Батаның шарапаты, шарты оның ұзын-қысқалығында немесе бата беретін кісінің үлкен-кішілігінде емес. Еліне, жеріне, күллі адамзатқа ағынан жарылған ақ тілегі болуы, тыңдаушыларын бірлікке, ерлікке, әділдікке, рақымдылыққа, өзара татулыққа, жемісті еңбекке баулып, мұратын шыңдап, қайратын жебеп, медет беретін әрі сол майдандағы келелі іс, пайдалы кеңеске, үлкен-кішілі қуанышқа дер кезіндегі тапқырлығы мен саналы, салмақты оймен қолма-қол құрап, жұрт жүрегіндегі арман-мұратты дәл тауып, бата сұраушының дәмелі түпкі жан қалауын дөп басып айтса — жырау, дуалы ауыз батагөй дегеніміз міне осы, — дейді ол.
Пәрменбек Жұмабайұлы бүгінгі батагөйлерге бұрынғы баталарды сол қалпында жаттап алып, кез келген ортада айта беруге болмайтынын ескертеді. Себебі заман өзгерді, адамның тұрмысы, кәсібі, арманы мен қоғамдық ортасы өзгерді. Демек, бата да өмірмен бірге жаңарып отыруы тиіс.
— Мен бұрынғы бабалардың баталарын жаттама, айтпа дегеннен аулақпын. Ол қасиетті баталар әзірге дейін құнын жоймай, кейінгі ұрпаққа тағылым, тәрбие беріп келгендігіне, бұдан кейін де жарқырап жанға жылу беретіндігіне ешкім таласа алмайды. Бірақ жазып алған, жаттап алған көп батаңыздың өз заманында, сол кездегі тұрмысқа, мәдениетке, болып жатқан болмысқа негізделген, әр батаның өзіне сай орны бар. Қазір өмір басқа, кәсіп-қарекет басқа, мәдениет түрлері әр алуан. Сондықтан батаңызды іс-жүзіндік өмірге, жаңа қауымның жаңа талап-тілегіне бағыттай отырып айтқаныңыз жақсы, — дейді ол.
Бұл — бүгінгі бата мәдениетінің алдында тұрған маңызды мәселенің бірі. Мәселе ескі батаны жоққа шығаруда емес, оның қай жерде, кімге және қандай жағдайда айтылатынын ажырата білуде. Мысалы, мал-жанның көбейіп, қыстаудың құтты болуын тілейтін дәстүрлі бата бұрынғы көшпелі өмір салтының нақты сұраныстарынан туған. Ал қазіргі жасқа, қалада өскен балаға немесе жаңа мамандық игеріп жатқан жасқа дәл сол мәтінді өзгеріссіз ұсыну кейде оның өмір шындығымен қабыса бермеуі мүмкін.
Пәрменбек Жұмабайұлы мұндай орынсыз қолданылған баталардың нақты мысалдарын да келтіреді.
— Бір атамыз байларға беретін батаны жас-өспірімдерге, келіндерге беріп жатыр. Арасында: «Қыстауың құтты болсын, құдығың сүтті болсын, мінгенің жорға сымбатты болсын, тақымың қуатты болсын, сай-салаң суатты болсын» деген сөздер бар. Тағы бір жалғасында: «Әуелде Құдай теке берсін, теке берсе жеке берсін, одан соң сиыр берсін…» деп келеді. Жас қызға, жас келінге бұлай бата беру жараса ма? Ұят емес пе? Бата білмесеңіз, «ел аман болсын, балалар бақытты болсын» деп екі ауыз ақ тілегіңізді айтсаңыз, сол қайырлы, — дейді батагөй.
Оның айтуынша, батаның мазмұны адресатына сай болуы шарт. Ұл балаға берілетін бата мен қыз балаға берілетін батаның, жас келінге айтылатын ақ тілектің, сапарға аттанған азаматқа берілетін батаның, оқуын аяқтаған жасқа айтылатын батаның мазмұны бірдей болмауы керек.
Бұл ретте бата — дайын жаттанды мәтін емес, сол сәттің рухын, адамның арманын, ортадағы жағдайды дәл табатын импровизациялық өнер. Пәрменбек Жұмабайұлының өзі де батаның осындай қасиетін жоғары бағалайды.
— Батаңыз тыңдаушыларына күн мен ауадай сіңімді, жүрегіне нәр алғандай, тілегіне жол алғандай сүйініп, сілтідей тынып тыңдап, «Недеген ғажап тіл, недеген ғазиз тілек!» деп шұрқырап «әмин» деп бет сипайтындай болғаны жақсы. Бата берушілердің барлығы шешен, жырау, тапқыр болуы екіталай. Кім бата берсе де өзінің шама-шарқына қарай батасын қысқа да нұсқа, шақ еткізіп, жұртына тілеу достығын, көңіл қоштығын, азаматтық ойын, білген батасын айтса болды, — дейді ол.
Бүгінгі таңда бата беру дәстүрінің қайта жанданып келе жатқаны байқалады. Арнайы жинақтар шығарылып, жас ұрпаққа бата үйрету мәселесі де жиі қозғалады. Бұл — дәстүрдің жоғалмай, жаңа ортаға бейімделіп келе жатқанын көрсететін құбылыс.
Бірақ дәстүрді жаңғырту мен оны формалды түрде қайталаудың арасы жер мен көктей. Пәрменбек Жұмабайұлы батаның қадірін түсіретін тағы бір әдетті ортаға салды.
— Бір ақсақалдарымыз ұлы жиын, той немесе аста кітаптан немесе біреуден бір емес, бір қанша мазмұндағы байырғы баталарды жаттап алып, «менің батам, өз батам» деп ұзын-сонар шұбыртып тұрады. Енді бір баташы қарияларымыз кітаптан байырғы баталарды көп қылып жазып алып немесе біреуге жаздырып келіп, өзі жазғанын өзі танымай, бір жақсы батам бар, оқып берейін деп ежіктеп, мыжып тұрады. Батаны ең жақсысы жатқа, қысқа да нұсқа айтқан жақсы, — дейді ол.
Қарияның бұл пікірі қазіргі қоғамдағы бата мәдениетінің сапасына қатысты мәселені көтереді. Бата — сөз жарысы емес. Оның мәні көп сөзде емес, орынды сөзде. Қысқа айтылған, бірақ адамның жүрегіне жеткен ақ тілек кейде ұзақ мәтіннен әлдеқайда әсерлі болуы мүмкін.
Сонымен бірге батагөй болу — тек көп бата жаттаумен келмейтін қасиет. Батаны айтатын адамның өзі де сол сөзге лайық өмір сүруі керек. Өйткені халық үшін батаның қадірі оны айтқан адамның абыройымен де өлшенген.
Пәрменбек Жұмабайұлының пікірінше, бата сұралған адам бата беруден қашпауы керек, ал бата білмейтін адам өзінен сөзге жүйрік, батагөй кісіге жол бергені жөн.
— Әрбір қазақ баласы қасиетті батаның қадіріне көлеңке түсірмеуі керек. Мейлі қария бол, жас бол, бас бол, сізді құрметтеп бата сұраған екен, бата сұраушының тілек-меселдесін сыйлаған жөн. Дәм мен иығына жапқан шапанның құрметіне сай тағылымды, ұлағатты өзінің жүрегіндегі тілегін айтса екен деген базыналық кеңесім ғой, — дейді ол.
Бүгінде қазақ қоғамына жаңа мазмұндағы баталар қажет пе? — Пәрменбек Жұмабайұлының ойынша, қажет. Бірақ жаңа бата деген — дәстүрлі батадан бас тарту емес. Керісінше, атадан қалған алтын арқауды үзбей, оны бүгінгі адамның өмірімен, бүгінгі қоғамның сұранысымен сабақтастыру.
Бүгінгі жасқа білім, ғылым, адал еңбек, елге қызмет ету, отбасындағы береке, денсаулық, бейбіт өмір, елдің амандығы, кәсібінің өркендеуі, жаңа бастамаларының сәтті болуы туралы тілек айту — заман талабына сай батаның мазмұнын байыта түсетін бағыттар. Мұндай бата дәстүрдің сыртқы формасын ғана емес, ішкі рухын да сақтайды.
Ал ескі баталардың барлығы бірдей бүгінгі ортаға үйлеспейді деген пікір де осыдан туындайды. Пәрменбек Жұмабайұлы мұны батаның өзін сынау емес, оны орынсыз қолдануға сын айту деп түсіндіреді.
— Бұрынғы бабалардың батасын сақтап, қадірлеп, жаттап, кейінгіге жеткізу керек. Бірақ әр батаның өз заманында өз орны болғанын естен шығармау керек. Кейбір баталарының ішінде ел үміт еткен тілектен шалғайлап, нақ майдандағы нақты болмыстан шығып кететін жайттар көп кезігеді. Сол жаттанды, шұбыртпа баталардың арасында кейбіреуі күлкілі, ұят бола жаздағандары да жоқ емес, — дейді батагөй.
Оның пайымынша, бата — тірі өнер. Сондықтан ол өмірмен бірге тыныстап, заманмен бірге мазмұн жағынан толығып отырғаны жөн.
— Сіздің батаңыз халықтың көңілінен шығатын, талғампаз бата сұраушының дәмелі жүрек қалауын дөп басып, тыңдаушы «қандай керемет сөздер, неткен ғазиз тілек десеңші, міне, бата деп осыны айт, бір ауыз сөз де бір аттық» дейтіндей болса екен, — дейді Пәрменбек Жұмабайұлы.
Қазақтың бата дәстүрі ғасырлар сүзгісінен өтіп, бүгінге жетті. Оның ішінде діни дүниетаным да, көшпелі өмірдің ізі де, халықтың елдік арманы да, ата-ананың балаға деген тілегі де, үлкеннің кішіге берген тәрбиесі де бар. Сондықтан батаның қадірін сақтау — тек ескі мәтіндерді қайталау емес, оның мәнін түсіну.
Батаның өзегі — ізгілік. Оның мақсаты — адамды жақсылыққа бастау, елдің амандығын тілеу, жасқа бағыт беру, үлкеннің ризалығын алу. Осы мәні жоғалмаған жерде бата да өміршеңдігін жоғалтпайды.
Көш жүре келе түзеледі, сын түзелмей мін түзелмейді. Қазақ елінің салт-санасы салтанат құрсын! Қазақтың қасиетті батасы қазақпен бірге жасасын! Қарияларымыздың батасы дарып, жерімізге бақ қонсын! Әумин!
Сөз соңында Пәрменбек Жұмабайұлының елге арнаған батасын ұсынамыз.
Елге бата:
Әуелі Алла жарылқа, дархан қазақ даласын.
Мәңгілікке мирас ет, бабадан қалған даласын.
Атқан таңым арайлы, алтын сәуле тарасын.
Батқан күнім мерейлі, тыныштықпен жарассын.
Ғұмырлы ет, бақытты ет, бар қазақтың баласын.
Берекемен тоғыстыр, барлық ұлттың арасын.
Қыдыр дарып еліме, бақ сүйініп қарасын.
Аспан түстес тұп-тұнық, өзені мен көл болсын.
Тау даласы пейіштей, періште жүрер жер болсын.
Патша көңіл, бақытты, өскін ұрпақ мол болсын.
Абыз ана, расшыл, елім дейтін ер болсын.
Көсегеміз көгеріп көксегенге жол болсын.
Еншісі мол еңселі, мәңгілікке ел болсын.
Түңлігі бір, түбі бір, түркілерім түгел болсын.
Күміс уықты, киіз туырлықты алашым аман болсын.
Қара шаңырақ қазағым, бауыры бүтін болсын.
Жұлдыздай көп болайық.
Ұранымыз, бет алысымыз үркердей бір болсын, әумин!