ОРАЛ. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Ақжайық ауданы Мерген ауылдық округінің «Аңсаған» шаруа қожалығындағы қора-жай өртеніп, 250 шаршы метрді қамтыды.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен хабарлағанындай, қора-жай қасақана өртелген деген болжам жасалуда. Қорадағы 16 бұзау жанып кетті.
Сондай-ақ Жаңабұлақ ауылында бір тұрғын үйдің шаруашылық құрылыстарында 240 шаршы метрді қамтыған өрт шығып, үш тас қора, екі ағаш қора, жазғы мал орны, 9 тонна пішен отқа кетті. Жалпы шығын - 400 мың теңге. Бұл оқиғаның себебі абайсыздықтан делінуде.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен түскен мәліметке қарағанда, биылғы алты айда өңірде 290 өрт тіркеліп, шығын 153 млн. теңгеден асты. 5 адам қаза тауып, 12-сі жарақаттанды. 23 адам құтқарылған. Өрт 18, шығын көлемі 65 пайызға көбейсе, адамның қаза табуы 16, жарақаттануы 25 пайызға азайды.
Облыста 4 ірі дала өрті болып, 11200 гектарды қамтыды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).