«Қордай» кеден бекетінен күн сайын 350-ге жуық жүк тасымалдаушы өтеді

АСТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - «Қордай» кеден бекетінен күн сайын 350-ге жуық жүк тасымалдаушы өтеді. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті Тәуекелдерді талдау және статистика басқармасы бастығының орынбасары Аян Көлбай мәлім етті.

«Қордай» кеден бекетінде кедендік шекара арқылы тауарларды алып өтумен айналысатын тұлғалардың саны 250-350 адамға жетеді», - дейді А.Көлбай.

Жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларды Кедендік одақ шекарасы арқылы өткізу және оларды шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібі туралы келісімге сәйкес, жеке пайдалануға арналған тауараларды КО-ның шекарасы арқылы өткізу кезінде кедендік құны 1500 еуродан, салмағы 50 келіден аспайтын тауарлар кедендік төлемдерден босатылады. Осы норманы алға тартып, адал емес кәсіпкерлер кедендік баждар мен салықтардан жалтару мақсатында, тауарларды шекара арқылы өткізу үшін аздаған ақша төлеп, адамдарды, әдетте шекара маңындағы елді-мекен тұрғындарын жалдайды. Жалданған тұлғалар тауарларды бажсыз нормадан аспайтын көлемде тиеп, шекараны орташа есеппен тәулігіне 8 ретке дейін кесіп өтеді.

«Сонымен, жалданған тұлғалардың санын, бір тәулік ішінде шекарадан өту жиілігін және олармен өтетін тауарлардың салмағын ескерсек, көрсетілген топ жалпы салмағы 100 тоннадан астам тауарды кедендік шекара арқылы баждар мен салықтарды төлемей өткізуге қабілетті. Мұндай әрекеттерден мемлекетке келетін зиын айқын», - дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, осыған орай, Қазақстанның Қаржы министрлігі өзге мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік бекеттер арқылы алып өту кезінде тәуекелдер саласын анықтау мәселесін көтеріп, бұл проблеманың жолын кесуге мүмкіндік беретін бірқатар санаттарды бекітті.

Мәселен, бұдан былай, жүк тасымалдаушылар кедендік баждар мен салықтарды төлеуден босатылған норманы қолданып, тауарларды шекара арқылы бірнеше рет өткізе алмайды. Себебі уақыттың белгіленген кезеңі ішінде тауарларды қайтадан өткізген кезде, тауарлар коммерциялық немесе кәсіпкерлік қызметке арналғандардың санатына жатқызылатын болады.