Димаштың ғажап әндерін тыңдауға келген көпшілік әншіні зор қошеметпен қарсы алды.
Елдің ыстық ықыласына риза көңілін білдірген Димаш маңғыстаулықтарды жерлестерім деп атады.
— «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал тұрып сәлем береді» деген атаулы сөзді жадына тоқыған халқым, ақтаулықтарым, жерлестерім, сый құрметтеріңізге, махаббаттарыңызға мың мәрте алғыс! Өздеріңізге басымды иемін! — деді Димаш Құдайберген.
Мәдени рухани шараның ашылу салтанатының басты қонағы болған, ғажайып даусымен әлемді өзіне қаратқан әнші Димашты қоштап қолпаштаған халық ду қол шапалағын үзбей, үздіксіз «Димаш» деп айғайлап тұрды.
Ірі көлемдегі айтулы шараға келген әнші осылайша теңіз жағалауына жиналған халықтың көңілін көкке көтерді.
Еске салсақ, Ақтау қаласында «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» гала-концертінің ашылу салтанаты өтті.
Президент Ақтауға түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесінің берілуімен құттықтады.
Сонымен қатар Ақтаудағы концертке 50 мыңға жуық көрермен жиналғаны белгілі болды.