Алғыс айту күнінде дәстүр бойынша жетісулық корейлер мен өзге ұлт өкілдері Бастөбе ауылы маңындағы «Қазақ халқына мың алғыс» монументі жанында салтанатты жиын өткізіп, ыстық ықыластарын білдірді. 1937 жылдың қара суығында жүздеген корей отбасын дәл осы Бастөбеге әкеліп, айдалаға түсіріп кеткен. Аш-жалаңаш халық тау етегінен жеркепе қазып паналауға мәжбүр болған. Алайда жергілікті қазақ ауылдары оларды үйіне әкеліп, бөлменің бір шетіне орналастырып, бір үзім нанын бөліскенін қазіргі ұрпақ ұмытпайды, ұмытпақ емес. Бүгінде облыста корей ұлтының 16 мыңнан астам өкілі тұрады. Бұл сол кездегі жергілікті халықтың қонақжай-бауырмалдылығының тәтті жемісі деп біледі.
«Қазақ халқына мың алғыс! Мен осы алғыс айту күнінде барша қазақ халқына рахметімді айтқым келеді. Өзім осы жерде тұрып жатқан корейлердің үшінші буын ұрпағымын. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз де осы жерде білім алып, өсіп-өніп, еңбек етуде. Қазақ елі сол кезде өзінің қиын жағдайына қарамастан бізді және көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басты. Біз бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаймыз»,- деді Қаратал аудандық Корей ақсақалдар алқасының төрағасы Виктор Пак.