Корея Астанаға достық бақшасын тарту етті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Арай» саябағының ішінде «Қазақстан мен Корея достық бақшасы» ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Достық бақшаның ашылу салтанатына Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Де Сик, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев қатысты.
 

«Бақша береке бастауы дейді қазақ халқы. Бүгінгі күні ашылғалы отырған «Қазақстан мен Корея достық бақшасы» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 3 жыл бұрын Кореяға сапары барысында қол жеткізген әріптестік жобасы. Президент Астананы жасыл қалаға айналдыруды үнемі айтады. Мына бақша да осы мақсатқа бағытталған. Қазақстан мен Кореяның барлық салада серіктестігі мығым. Корея «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде белсене қатысты. Біз үшін бұл жобаның маңызы өте зор. Сонымен бірге, Астана төрінде ашылған бұл бірегей орын екі елдің достығының айқын үлгісін көрсетіп отыр», - деді Әсет Исекешев.  
 

Айта кетерлігі, Оңтүстік Корея елі Орта Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерімен орман алқаптары мен биоалуандықты сақтау бойынша бірқатар келісімге келген екен. Осы ретте 2014 жылдың 19 маусымында Қазақстан мен Оңтүстік Корея елі өзара қарым-қатынас бойынша меморандумға қол қойып, осы келісім аясында Астанада «Достық бақшасын» ашу келісілген.
 

«Корея бақшасының» құрылысына шамамен 9 ай уақыт кеткен. Демалуға арналған орынды жасақтау үшін Оңтүстік Кореядан құрылыс материалдары әкелініп, саябақ сол елде өсетін ағаштар отырғызылды.

Саябақтың салтанатты түрде ашқаннан кейін меймандар бірегей орынды аралап көрді. Бұдан кейін Әсет Исекешев, Ким Де Сик пен Ерлан Нысанбаев алып қоңырауды үш мәрте соқты. Қоңыраудың үш мәрте соғылуының да өз мәні бар. Корей тарапы үш реттік қоңырау соғудың арқасында екі елдің достығы бұдан да жоғары деңгейде беки түсетініне сенім білдірді.