Корея бизнесінің қайта өңдеу саласын дамыту жөніндегі жобаларға кеңінен қатынасу мүмкіндігі талқыланды - Елбасы

None
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ақордада өткен келіссөздер барысында халықаралық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық мәселелері, ядролық қарусыздану және оны таратпау проблемалары, сондай-ақ әлемдік қаржы дағдарысын еңсеру жайы сөз болды. Бұл туралы бүгін Ақордада Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бакпен арада болған келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев
мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгін біз Корея бизнесінің Қазақстан экономикасын әртараптандыру, қайта өңдеу саласын дамыту жөніндегі жобаларға кеңінен қатынасу мүмкіндігін талқыладық. Осы орайда Қазақстан-Корея іс-қимыл жоспарына қол қойылғанына куә болдық. Екі ел арасындағы қарым-қатынас жөнінде Президенттердің мәлімдемесі қабылданды. Бұл жоспарда және мәлімдемеде болашақта істейтін жұмыстардың барлығы айтылған», - деді Елбасы. Мемлекет басшысы Корея Президентімен халықаралық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық мәселелері, ядролық қарусыздану және оны таратпау проблемалары, сондай-ақ әлемдік қаржы дағдарысын еңсеру бойынша Кореяда атқарылып жатқан шаралар сөз болғанын жеткізді. «Айта кетейін, негізгі мәселелердің бірі, екі арадағы келіссөз бойынша Балқаш жылу электр стансысын салу. Оған 4,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылмақ»,- деді Елбасы. Жаңа технологиялар бойынша мәселелер келісіліп жатқанын жеткізген Н. Назарбаев, жақын арада Қазақстан тарапынан 10 жоба ұсынылатын атап өтті.