Корея қазақ спортшыларын қалай қарсы алды — эксклюзив сұхбат
АСТАНА. KAZINFORM – Ертең, яғни 19 қаңтар күні Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында IV қысқы жасөспірімдер олимпиадасының алауы тұтанады.
Осыған орай KAZINFORM тілшісі Канвонға спортшыларды бастап алып кеткен Туризм және спорт министрінің кеңесшісі Диас Ахметшәріпке арнайы қоңыру шалып, Ақ Олимпиада алдындағы дайындықтары барысында сұхбат алды.
- Оңтүстік Корея спортшыларымызды қалай қарсы алды?
- Ұлттық құрама Астанадан Алматыға, сосын Алматыдан Сеуілге аман-есен ұшып жетті. Әуежайдан түсе салысымен бізді еріктілер өте жоғары деңгейде күтіп алды. Олимпиада ойындарының бойтұмарлары мен нышандары бейнесінде киініп алған еріктілер өте жақсы қарсы алды. Сондай-ақ, Қазақстаннан алдын ала келген штаб өкілдері барлығымызды түгендеп, шағын көліктерге отырғызып Канвонға алып барды. Сеуіл мен Канвон арасы 270 шақырым екен. Жол бойындағы қызмет сервистеріне қатты таңғалдық. Келіп жатқан олимпиадашыларға өте жоғары деңгейде сапалы қызмет көрсетеді екен. Канвонға жеткен бойда бірден аккредитация орталығына бардық. Сол жерден спортшылар өздерінің, басқа делагация мүшелері өздерінің аккредитацияларын алып, қонақ үйлерге жайғастық. Барлығын өте ыңғайлы орналастырып қойыпты.
- Бара қалғанда олимпиадашыларымызды таңғалдырарлық тосын сыйлар болды ма?
- Спортшыларымыз өте жоғары көңіл күйде болды. Бара салып еріктілер біздің спортшыларымызды құшақтап, бірге суретке түсіп, бір-бірімен жылдам шүйіркелесіп жатты. Менің бір таңғалғаным біздің Ұлттық құрама мүшелері ағылшын тілін өте жақсы біледі екен. Қазіргі жас буынның артықшылығы шет тілдерін өте жақсы меңгерген. Барлығы мектеп оқушылары болған соң ағылшын тілін жақсы меңгерген екен. Өз басым жастарымызға қатты тәнті болдым.
- Спортшыларымызға Олимпиаданың аурасы қалай әсер етіп жатыр?
- Халықаралық олимпиадалық комитетінің жастар арасындағы ойындарды ұйымдастырудағы басты мақсаты – дүниежүзіндегі балалардың басын қосып, балаларды бір-бірімен жақындастыру, бір-бірімен таныстыру. Осы спорт арқылы татулықты, берекені сезіндіру. «Спорт достықтың елшісі» дейді ғой, олимпиадалық қозғалыс осы қағиданы ұстана отырып, жарысты жоғары деңгейде өткізуді көздеп отыр. Олимпиадалық қалашықта, қонақүйдің маңында үлкен-үлкен ойын алаңдарын ашып қойған. Балалар жаттығудан тыс, бос уақыттарында бір-бірімен танысып, неше түрлі ойындар ойнап жатыр.
- Спортшыларымыз толығымен барып болды ма?
- Спортшыларымыздың 90 пайызы келіп болды. Тек шаңғышыларымыз ғана келген жоқ. Олар Ақмола облысы Щучье қаласында соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Бұйырса 24 қаңтар күні ұшып шығып, 25 қаңтарда Кореяға келетін болады.
- Олимпиадашыларымыз қазір қонақүйлерге толығымен жайғасып болған болар. Жатын орындар көңілдеріңізден шығып жатыр ма?
- Иә, біз кеше журналистер бар, барлығымыз бірігіп, арнайы олимпиадалық қалашыққа барып, спортшыларымыздың тұрып жатқан қонақүйлерімен танысып, сұхбаттасып, тілдесіп қайттық. Қонақүйдің ерекшеліктеріне қарай екі, үш, төрт орындық бөлмелер бар екен. Ең бастысы қонақүйлер жылы, таза екен. Төсек орындары да жұмсақ, мамық жастық, жуынатын бөлмелері де өте ыңғайлы. Не керек, барлығы ойластырылған екен.
- Тамақ жағы қалай? Ас мәзіріне үйренісіп жатыр ма?
- Тамақ жағына келсек, тамақтың сан түрі бар екен. Халал тамақтары да жетерлік. Бұл жерде тек Азия елдері ғана емес, әлемнің 70 мемлекетінен спортшылар келіп жатқандықтан әр құрлықтың, әр елдің стилінде жасалған тамақтар жиынтығы бар. Кім нені ішіп-жегісі келеді, бәрі дайын. Әрбір қонақүймен тамақтану орындарының іргесінде медициналық орталықтар орналасыпты. Дәмханалар да медпункттер де 24 сағат бойы қызмет көрсетіп тұр.
- Ауа райы қалай екен?
- Қазір ауа райы Астанамыз сияқты шақылдап тұрған жоқ. -5 градус көлемінде болып тұр. Десе де, ылғал өте күшті екен. Қанша дегенмен, теңіздің жағасы ғой. Балаларымызға жылы, қалың киінуді тапсырдық. Біздің Ұлттық құрамаға арнайы тігілген формалар өте жылы, ыңғайлы. Сондықтан, біздің спортшыларымызға суық тиіп қалады деп аса бір қауіптеніп отырған жоқпыз.
- Форма туралы айтып қалдыңыз ғой. Біздің спортшыларымыздың формасы өзге елдің спортшыларымен салыстырғанда қалай көрініп жатыр?
- Біздің құраманың формасы өте әдемі болыпты. Түсі де, формасы да керемет. Өзге елден келген спортшылар да, еріктілер де біздің спортшыларды ортаға алып суретке жиі түсуде. Біздің балалар ағылшынша тақиямызды таныстырып, кез келген қыз-жігіттермен тіл табысып кетіп жатыр.
- Жалпы, спортшыларымыз Кореяға Олимпиадаға қатысу үшін барғандарын қалай сезініп жатыр?
- Жарысқа келгенімен, келмей жатып, әке-шешемді сағынып кеттім деген спортшыларымыз да жоқ емес. Біздің құраманың капитаны Ерасыл Шыңғысханның өзі үйімді, ата-анамды сағындым деп жатыр. Балалардың қасына барып, ақыл кеңесімізді айтып, туыстарына видео қоңырау жалғап, сөйлестіріп жатырмыз.
- Жалпы Ойынға дайынсыздар ғой. Жүлдеге таласа аламыз ба?
- Жарысқа сақадай саймыз. Десе де, жүлде алу оңай емес. Біз хоккейден, шаңғы спортынан бақ сынайтын америкалықтарды, норвегиялықтарды, неміс командаларын, аустриялықтарды, еуропадан келген тағы да бірқанша командаларды көріп қалдық. Түгелдей еңгезердей-еңгезердей азамат сияқты көрінді бізге. Ал біздің балалар олардың қасында әлі бала сияқты. Мектеп оқушылары дегенге сенгің келмейді. Бірақ біздің спортшылардың арасындада жақсы спортшыларымыз бар. Барлығын жарыс көрсетеді. Қазақта «бақ шаба ма, бап шабама» деген бар. Үмітіміз зор. Елімізге медальмен қайтсақ деген ниеттеміз.
- Әңгімеңізге рахмет! Жеңіспен оралуларыңызға бізде тілектеспіз.