Корея мен БАӘ 65 млрд доллардан астам сомаға бірлескен жобаларды іске асырмақ

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Сеул мен Әбу-Даби арасында келісілген бастамалардың жалпы құны 65 млрд доллардан асады және қорғаныс өнеркәсібін, инвестициялар мен ядролық энергетиканы қамтиды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Оңтүстік Корея мен Біріккен Араб Әмірліктері 65 млрд доллардан астам сомаға бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісті. Оның ішінде 35 млрд доллардан астамы қорғаныс өнеркәсібі саласына бөлінбек. Тағы 30 млрд доллар инвестициялық ынтымақтастыққа тиесілі.

Бұл туралы бейсенбі күні Оңтүстік Корея президенті әкімшілігінің басшысы әрі стратегиялық экономикалық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкіл Кан Хун Сик БАӘ-ге сапарының қорытындысына орай мәлімдеді. Оның мәлімдемесін Yonhap агенттігі жариялады.

Келісімдерге БАӘ президенті Мұхаммед бин Заид әл-Нахаянмен және Әбу-Дабидің Атқарушы билік істері басқармасының төрағасы Халдун Халиф әл-Мүбаракпен өткен кездесулер барысында қол жеткізілді.

Оңтүстік Корея делегациясы әмірліктер тарапына Корея Республикасының президенті Ли Чжэ Мённің жеке жолдауын табыстады. Ал келіссөздер бірнеше кезеңнен тұратын қарқынды консультациялар форматында өтті.

Қорғаныс бағыты аясында тараптар қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықтың негіздік құрылымын құру туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Құжат бірлескен жобалау, кадр даярлау, техникаларға қызмет көрсету және жаңғырту шараларын қоса алғанда қару-жарақ сатып алудың қарапайым моделінен толық циклді өзара іс-қимылға көшуді көздейді.

Кан Хун Сиктің айтуынша, ынтымақтастық дәстүрлі «сатып алушы – сатушы» моделінің аясынан шығып отыр.

— Қорғаныс ынтымақтастығы ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен тікелей байланысты және елдер арасындағы жоғары деңгейдегі сенім болған жағдайда ғана мүмкін, — деп атап өтті ол.

Мәліметтерге қарағанда, қорғаныс жобалары біріктірілген әуе қорғанысы жүйелерін, авиациялық және әскери-теңіз бағыттарын қамтиды. Оңтүстіккорейлік шенеунік қауіпсіздік мәселеріне байланысты жекелеген келісімшарттардың егжей-тегжейін жарияланған жоқ.

Тараптар 30 млрд доллар көлеміндегі екіжақты инвестициялық негізді қайта іске қосуға уағдаласты. Жаңартылған тетік БАӘ-нің Оңтүстік Кореяға қатысты инвестициялық міндеттемелерін қолдауға, сондай-ақ оңтүстіккореялық компаниялардың Таяу Шығыс пен үшінші елдердің нарығына шығуына жәрдемдесуге бағытталған.

Ынтымақтастық атом энергетикасы саласында да кеңейеді. Тараптар БАӘ-дегі «Барака» атом электр станциясы жобасын іске асыру тәжірибесіне сүйене отырып, ядролық циклдің барлық тізбегі бойынша өзара іс-қимылды тереңдетуге ниетті. Сөз ядролық отын жеткізу, станцияларға қызмет көрсету құзыреттерін нығайту, сонымен қатар нысандарды басқаруда жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелері жайында болып отыр.

Халдун Халиф әл-Мүбарак наурыз-сәуір айларында мұнан арғы қадамдарды талқыға салу үшін Сеулге бармақ. Инвестициялық келісімнің кейбір егжей-тегжейін мамырда жұртшылыққа ұсыну жоспарланған.

Қол жеткізілген уағдаластық өткен жылдың қараша айында Әбу-Дабиде өткен екі ел көшбасшыларының саммитінің жалғасы болды. Ол кезде стратегиялық ынтымақтастық бағыттары ретінде қорғаныс өнеркәсібі, жасанды интеллект, атом энергетикасы және мәдениет салалары айқындалған еді.

Айта кетейік, Оңтүстік Корея инвестициялық баспанасы бар азаматтарға талапты күшейтпек.