Корея Президенті Қазақстанға ризашылығын білдірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан - бұл ядролық қарудан өз еркімен бас тартқаннан кейін экономикалық дамуға қол жеткізген ел. Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарт тілшісі.

«Қазір ғана өткен шағын құрамдағы келіссөздер мен кешегі кездесуде біз екіжақты қарым-қатынасты, оның ішінде Корей түбегіндегі Орталық Азиядағы саяси ахуалды талқыладық. Талқылау қорытындысы толықтай көңілімнен шықты», - деді Корея Президенті.

Осы орайда, ол Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жоғары қарқынмен дамып келе жатқан мемлекет екендігін баса айтты. Сонымен қатар, төртінші өнеркәсіп революциясы дәуіріндегі сын-тегеуіріндерге қарсы әрекет етуде Корея Қазақстанға сенімді серіктес бола алатындығын атап өтті. Екі елдің сауда, инвестиция, инфрақұрылым салаларынан бөлек Ақпараттық технологиялар, инновациялық өнеркәсіптік технологиялар, медицина, ғарыш салаларындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге мүмкіншілік бар екендігіне назар аудартты. Мұнан бөлек, Мун Чжэ Ин Қазақстанның Корей түбегіндегі бейбітшілікті қалпына келтіру және ахуалды тұрақтандыруға бағытталған саясаты үшін ризашылығын білдірді.

«Қазақстан Корей түбегіндегі бейбіт процеске қолдау білдіріп келеді. Осы мүмкіншілікті пайдаланып, қолдауларыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстан - бұл ядролық қарудан өз еркімен бас тартқаннан кейін экономикалық дамуға қол жеткізген ел. Бұл Корей түбегі үшін өте маңызды үлгі бола алады. Сіздер бұл мәселедегі тәжірибелеріңізбен бөліседі деп үміттенеміз», - деді ол.